Freedom Inside '26

KAZ Minerals шахтасында төтенше жағдай: жерасты лифті тежеліп, алты кенші жараланды

KAZ Minerals шахтасында төтенше жағдай: жерасты лифті тежеліп, алты кенші жараланды
Фото: depositphotos.com

Абай облысындағы Орлов шахтасында жерасты лифтінің (клеть) күрт тежелуі салдарынан алты жұмысшы зардап шекті. Бұл ақпаратты KAZ Minerals компаниясы растады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оқиға 1 шілде күні болған. Сол сәтте шахтадағы жерасты лифтінде 15 адам болған.

Компанияның корпоративтік байланыстар департаментінің менеджері Ермек Дүзкеневтің айтуынша, лифт төмен түсіп бара жатқан кезде оның тоқтатқыш механизмдерінің (кулак) бірі мерзімінен бұрын іске қосылған.

«Клеть төмен түсіп келе жатқанда тоқтатқыштардың біреуі ашылып кеткен. Қозғалыс кезінде лифт сол тоқтатқышқа ілініп, бірден тоқтады. Соның салдарынан күрт тежелу болды», – деді ол.

Оқиғадан кейін алты адам дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Үшеуі жеңіл жарақат алып, алғашқы медициналық көмектен кейін үйлеріне жіберілді. Тағы үш жұмысшы Семей қаласындағы ауруханаға жеткізілгенімен, кейін амбулаторлық ем қабылдау үшін шығарылған.

Қазіргі уақытта зардап шеккен барлық кенші амбулаторлық ем алып жатыр.

Оқиғаның нақты себебі әзірге анықталған жоқ. Компанияның мәліметінше, оған техникалық ақау, адам факторы немесе өзге де себептер әсер етуі мүмкін. Қазір оқиғаға қатысты арнайы комиссия мен өнеркәсіптік қауіпсіздік қызметі тексеру жүргізіп жатыр. Қажет болған жағдайда тәуелсіз сарапшылар да тартылуы мүмкін.