Қаскелеңде 11 жастағы балаға шабуыл жасаған иттердің иесі сот алдында жауап беріп жатыр

Қаскелеңде 11 жастағы балаға шабуыл жасаған иттердің иесі сот алдында жауап беріп жатыр
ашық дереккөз

Қаскелеңде өткен жылдың жазында 11 жастағы балаға шабуыл жасаған иттердің иесіне қатысты сот процесі басталды. Иттердің шабуылынан бала ауыр жарақат алған, деп хабарлайды dalanews.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Прокуратураның мәліметінше, айыпталушы иттерінің қауіпті екенін біле тұра, оларды қауіпсіз қоршаумен қамтамасыз етпеген және жануарларды тиісті деңгейде бақыламаған. Соның салдарынан 11 жастағы бала басынан, бетінен және денесінің түрлі жерінен ауыр жарақат алған. Иттердің шабуылын оқиға орнынан өтіп бара жатқан азамат тоқтатып, екі итті пышақтап өлтірген.

Жәбірленушінің анасы Екатерина Бурмистрованың айтуынша, қайғылы оқиғадан кейін ұлының мінез-құлқы түбегейлі өзгерген.

«Маған хабарласып, иттердің ұлымды талап тастағанын айтты. Оқиға орнына жеткенде қанға боялған баламды көрдім. Сол күннен кейін Максим тұйықталып қалды, денесіндегі тыртықтардан ұялады. Оған тағы бір пластикалық ота жасау қажет», – деді ол сот барысында.

Ал иттердің иесі өз кінәсін мойындамай отыр. Оның сөзінше, балалар өздері иттерді арандатқан, ал күшіктер мұндай ауыр жарақат салуы мүмкін емес.

Жәбірленуші тарап соттан ит иесінен шамамен 4,5 миллион теңге көлемінде материалдық шығынды, сондай-ақ 10 миллион теңге моральдық өтемақы өндіруді талап етті.