Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады

Ақтоты Жапатова 01 мам. 2025 09:46 313

Мемлекет басшысы бұл мейрамның ел үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті,- деп хабарлайды Dalanews.kz

"Құрметті отандастар! Қазақстан халқының бірлігі мерекесі құтты болсын! Бұл – мемлекетіміз үшін айрықша мәні бар мейрам. Жұртымыз ортақ құндылықтарға негізделген жасампаз мақсаттарға жету жолында бар күш-жігерін жұмылдырып, болашаққа сеніммен қадам басып келеді. Кең байтақ жерімізде түрлі этнос өкілдері өзара келісімде, тату-тәтті өмір сүріп жатыр", - деді Президент.

Ол биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толғанын және осы бірегей ұйым әуел бастан еліміздегі бейбітшілік пен татулықтың жаршысына айналғанын атап өтті.

"Ассамблея азаматтарымыздың өзара құрметі мен ырысты ынтымағына сүйеніп, ұлтты ұйыстыруға елеулі үлес қосып келеді. Халқымыздың ауызбіршілігі мен тілеулeстігінің арқасында мемлекетіміз дамып, қолға алынған ауқымды реформалар табысты жүзеге асырыла береді. Еліміз теңдікке, өзара сенімге және мәдени әралуандылықтың жасампаз әлеуетіне арқа сүйеп, ел бірлігін одан әрі нығайта түседі. Біз жұрт болып жұмыла білсек, кез-келген сынақты еңсеріп, биік белестерді бағындырамыз. Ұлтымыздың арман-мұраты – Әділетті әрі Қуатты Қазақстанды бірге құрамыз. Баршаңызға бақ-береке тілеймін! Бірлігіміз бекем, аспанымыз ашық болсын!", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар