Алматы облысы Ұйғыр ауданындағы 28 гектар өрік бағына ара ұялары қойылғаннан кейін өнім көлемі екі есе артқан. Омарташылар мұны энтомофильді тозаңдандырудың нәтижесі деп түсіндірді. Айтуларынша, бір жұмысшы ара күніне 10 мыңға дейін гүлге қонып, жүздеген ағаштың сапалы өнім беруіне көмектеседі, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бір араның күші қандай?
Қазақстан омарташылары қауымдастығының мүшесі, омарташы Әбдікерім Таңатар энтомофильді тозаңдандырудың ауыл шаруашылығындағы маңызы әлі толық бағаланбай келе жатқанын айтады.
Маманның сөзінше, “энтомофильді тозаңдандыру” дегеніміз – өсімдіктердің жәндіктер арқылы тозаңдануы. Ал аталған жағдайда негізгі рөл бал араларына тиесілі.
“Бір жұмысшы ара күніне 5 мыңнан 10 мыңға дейін өрік гүлдеріне қона алады. Сол арқылы гүлдердің тозаңдануын қамтамасыз етіп, жемістің дұрыс байлануына ықпал етеді”, – дейді ол.
Омарташы биыл 28 гектарлық өрік бағында тәжірибе жүргізгенін айтады.
“Өрік гүлдей бастаған кезде әр екі гектарға бір ара ұясынан орналастырдық. Ұялар бақ ішінде 21 күн тұрды. Нәтижесінде өнім көлемі екі есе артты. Кейін бақ иесі арнайы хабарласып, алғысын айтты”, – дейді Әбдікерім Таңатар.
Маманның сөзінше, өріктің ірі немесе ұсақ болуы, тәттілігі мен өнім көлемі көбіне тозаңдандыру сапасына байланысты. Гүлдер толық тозаңданған жағдайда ағаштағы жеміс жақсы байланып, өнімнің сапасы мен көлемі артады.
Химия көбейген сайын ара саны азаяды
Омарташы тағы бір маңызды мәселеге тоқталды. Кейінгі жылдары кейбір шаруашылықтарда химиялық препараттардың шамадан тыс қолданылуы табиғи тозаңдандырушылардың азаюына алып келген.
“Көктемде кейбір бақтардың ішінде бірде-бір жәндік көрмейсіз. Ал ара ұяларын қойғаннан кейін жағдай өзгереді. Бір ара үш шақырым радиустағы барлық гүлді аралап шыға алады”, – дейді ол.
Бал ғана емес, өнім де береді
Ұйғыр ауданына жыл сайын табан тірейтін омарташылардың бірі Виталий Калмоков ара шаруашылығы бүгінде жаңа бағытқа бет бұрғанын айтады.
“Біз бұрын тек бал өндірумен айналыссақ, қазір тозаңдандыру қызметіне де сұраныс артып келеді. Бүгінде 400-ден астам ара ұясын ұстаймыз. Олар өрік бақтары мен басқа дақылдардың өнімділігін арттыруға көмектеседі”, – дейді ол.
Айтуынша, Ұйғыр ауданы омарташылар үшін өте қолайлы өңір. Мұнда эспарцет өсімдігі мол өседі. Сонымен қатар сирек кездесетін жантақ балын жинауға да мүмкіндік бар.
“Жантақ балы үш-төрт жылда бір рет қана мол өнім береді. Бірақ сапасы өте жоғары әрі бағалы өнім саналады”, – дейді омарташы.
Варроа кенесі – омарташылардың басты жауы
Виталий Калмоков кейінгі жылдары шетелден аралардың көптеп әкелінуі жаңа қауіптер туғызғанын айтады.
“Қазір варроа кенесі үлкен проблема болып тұр. Биыл көптеген ара осы аурудан қырылды. Сондықтан дәрі-дәрмектің бал сапасына әсер етпеуін ескере отырып, жаңа емдеу тәсілдерін қолданып жатырмыз”, – дейді ол.
Сонымен қатар омарташылар өнім өткізудің қиындығы мен техникалық жабдықтардың жетіспеуін де атап өтті.
Мамандардың пікірінше, омарташы мен бағбанның мүддесі бір. Бірі мол өнім алуға ұмтылса, екіншісі сапалы бал жинауға мүдделі.
Сондықтан әлемде бұрыннан қолданылып келе жатқан энтомофильді тозаңдандыру тәсілі Қазақстанның бақ шаруашылығында да кеңінен енгізілуі мүмкін.