Батыс Қазақстанда дала өртін сөндіру кезінде құтқарушы қаза тапты

Батыс Қазақстанда дала өртін сөндіру кезінде құтқарушы қаза тапты
Фото, видео: Алтай Бақтығалиев

Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында дала өртін сөндіру кезінде төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері қаза тапты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қайғылы оқиға 3 қыркүйекте қыстақ аумағында болған. Әлеуметтік желіде тараған мәліметке қарағанда, құтқарушы өрт сөндіру көлігінің астында қалған. Көлік тізгінінде оның әріптесі болған. Алдын ала ақпарат бойынша, жүргізуші қою түтіннен қызметкерді байқамай қалған.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қызметкердің қаза тапқанын растады. Алайда оқиғаның нақты мән-жайын жарияламады.

«Өртті сөндіру кезінде қызметтік міндетін атқарып жүрген ТЖД қызметкері жарақат алды. Ол ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлердің көмегіне қарамастан көз жұмды», – делінген ведомство хабарламасында.

Қазір аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Департамент марқұмның отбасына қажетті көмек көрсетілгенін, соның ішінде жерлеу рәсімін ұйымдастыруға қолдау білдірілгенін хабарлады.