Freedom Inside '26

Игі дәстүр: Президент медицина қызметкерлерін Ақордада құттықтады

Игі дәстүр: Президент медицина қызметкерлерін Ақордада құттықтады
Akorda.Kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Медицина қызметкері күніне арналған салтанатты жиында сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтап, денсаулық сақтау жүйесін дамыту мемлекеттің стратегиялық басымдығы екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dala News.

Мемлекет басшысы дәрігерлердің қоғамдағы ерекше рөліне тоқталып, олардың адам өмірін сақтаудағы ерен еңбегін жоғары бағалады.

«Сіздер адам өміріне араша түсіп, ең қымбат құндылық – денсаулықты қорғап келесіздер. Бұл – зор жауапкершілік пен жанқиярлықты талап ететін мамандық», – деді Президент.

Тоқаевтың айтуынша, соңғы бес жылда елімізде 800-ге жуық денсаулық сақтау нысаны салынды. Ауылдық жерлердегі медицина жүйесін жаңғыртуға арналған ұлттық жоба аясында 469 нысан пайдалануға берілген, ал жыл соңына дейін тағы 186 нысан салынбақ.

Президент Қазақстанда медициналық туризмнің де қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, жыл сайын 45 мемлекеттен шамамен 10 мың адам Қазақстанға емделу үшін келеді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларының көлемі соңғы үш жылда жеті есеге артқанын айтты. Ол Үкіметке медицина мамандарын қолдаудың арнайы бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.

Салтанатты шара барысында бірқатар медицина қызметкері мемлекеттік наградалармен марапатталды.