Freedom Inside '26

"59 жасында жұмыс іздеп жүр": Нұрқаділовтің немересі ел естімеген шындықты айтты

"59 жасында жұмыс іздеп жүр": Нұрқаділовтің немересі ел естімеген шындықты айтты
ашық дереккөзден

Белгілі саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің немересі Нұрбибі әлеуметтік желідегі парақшасында атасы қайтыс болғаннан кейін олардың отбасы қандай жағдайға тап болғанын жазды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, әкесі Қайрат Нұрқаділов қазір 59 жасында жұмыс таба алмай жүр. Нұрбибі бұрын отбасының жанында жүрген, аралас-құралас болған адамдардың бүгінде сырт айналғанын айтты.

“Атам тірі кезінде және жоғары лауазымда болған шақта әкемнің телефоны бір сәтке де тыным таппайтын. Барлығы онымен жақын болуға тырысатын. Әркімнің өз қажеті бар еді. Айналасын жағымпаздар мен жарамсақтар қоршап жүретін. Ал қазір сол адамдардың ешқайсысы әкемнің хабарламаларына жауап бермейді, тіпті одан ешқашан көмек көрмегендей кейіп танытады”, – деп жазды Нұрбибі Нұрқаділова.

Ол әкесімен әр сөйлескен сайын жүрегі ауыратынын, оның қазіргі жағдайын көру өзіне ауыр тиетінін жеткізді.

“Ол 59 жасында жұмыс іздеп, табанын тоздырып жүгіріп жүр. Бір кезде өзіне ерекше құрмет көрсеткен адамдардың бәрінен жұмысқа орналасуға жәрдем сұрайды. Бірақ олардың жауабы – бас тарту, үнсіздік және менсінбеушілік”, – деді ол.

Нұрбибінің сөзінше, атасы тірі кезде Қайрат Нұрқаділов көпшілікке керек адам болған. Ал қазір ол өзін өмірдің шетіне ығыстырылғандай сезінеді дейді.

“Бүгін тағы да әкеммен кездестім. Әңгімеміз тағы да атамның іс-әрекеттері оның өміріне және біздің тағдырымызға қалай әсер еткені туралы болды. Тағы да оның жанарынан түңілу мен ақталмаған үміттің ізін көрдім. Тағы да осы жағдайға қатысы бар адамдардың бәріне деген өкпе-реніш бойымды биледі. Әлі күнге дейін әділдік орнаған жоқ. Әлі күнге дейін бұл әулеттің тегі біздің иығымызға ауыр жүк болып түсіп тұр. Өкінішті-ақ”, – деп жазды Нұрбибі.

Айта кетейік, Қайрат Нұрқаділов әр жылдары мемлекеттік және жекеменшік ұйымдарда басшылық қызметтер атқарған.

Заманбек Нұрқаділов 2005 жылғы 12 қарашада өз үйінен өлі табылған еді.

Белгілі саясаткер екі рет шаңырақ көтерген. Алғашқы жұбайы Нұрбике Нұрқаділовадан Қайрат есімді ұлы және Құралай есімді қызы дүниеге келген. Құралай Нұрқаділова кейін танымал дизайнер атанып, “Құралай” сән үйінің негізін қалады. Қайрат Нұрқаділовтің Нұрбибі есімді қызы бар.

Кейін Заманбек Нұрқаділов Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісовамен отбасын құрды. Бұл некеден Мерей Заманбек есімді қыздары дүниеге келген.