Freedom Inside '26

Бектенов Ресейдегі конференцияда Ұлы дала мен Алтын Орда туралы тарихи тұжырымды жариялады

Бектенов Ресейдегі конференцияда Ұлы дала мен Алтын Орда туралы тарихи тұжырымды жариялады
primeminster.kz

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Санкт-Петербургте өткен мәдени байланыстарды нығайту және креативті индустрияларды дамыту жөніндегі халықаралық конференцияның пленарлық отырысында сөз сөйлеп, ТМД елдері арасындағы шығармашылық ынтымақтастықты кеңейтуге шақырды, деп хабарлайды Dala News.

Іс-шараға Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Беларусь Премьер-министрі Александр Турчин, Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы Адылбек Қасымалиев, Тәжікстан Премьер-министрі Кохир Расулзода, Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов және Түрікменстанның білім министрі Джумамырат Гурбангелдиев қатысты.

Олжас Бектенов креативті индустриялар мен мәдени байланыстар саласындағы ынтымақтастық ТМД кеңістігіндегі ең өзекті бағыттардың бірі болып қала беретінін айтты.

«Биыл наурыз айында Қазақстанда өткен жалпыұлттық референдум қорытындысы бойынша жаңа Конституция қабылданды, ол 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Жаңа Ата заңымыз мемлекеттілікті нығайтуға, «Заң мен Тәртіп» қағидаты негізінде Әділетті және Озық Қазақстанды құруға бағытталған. Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығы алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілгенін атап өткім келеді.

Мамыр айында Астанада өткен «Алтын Орда» дала өркениетінің моделін зерттеуге арналған халықаралық симпозиум маңызды оқиға болды, оған әлемнің 20-дан астам елінің тарихшылары мен мәдениеттанушылары қатысты.

Одан бөлек жаңа Конституцияда зияткерлік және шығармашылық қызметті қорғауға кепілдік берілген. Осы негізде Қазақстанда креативті индустрия қарқынды дамып келеді. Жаңа нарықтар, жаңа жұмыс орындары қалыптасып, ұлттық креативті өнімді экспорттау мүмкіндіктері кеңейтілуде», — деді Олжас Бектенов.

Премьер-министрдің айтуынша, Қазақстанда креативті индустрия 40-тан астам қызмет түрін қамтиды, бұл салада 150 мың адам еңбек етеді, ал жалпы қосылған құн көлемі соңғы жылдары төрттен біріне артып, $3 млрд-қа жеткен.

Ол отандық кино, музыка, дизайн, ойын индустриясы мен цифрлық контент халықаралық нарыққа шығып жатқанын атап өтті.

«Бұл тұрғыда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы елдердің креативті индустриялар қауымдастығын құру жөніндегі бастамасы ерекше маңызға ие. Бұл формат бірлескен жобаларды жүзеге асыру, тәжірибе алмасу және креативті өнімдерді ілгерілету үшін жағдай жасауға бағытталған», — деп атап өтті ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы 2026 жылдың Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланғанын еске салды.

Ол жасанды интеллект шығармашылық индустрияларға жаңа мүмкіндіктер ашып жатқанын айтып, AI-технологиялар арқылы бейне генерациялау саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын қазақстандық Higgsfield компаниясын мысалға келтірді.

Бектенов сондай-ақ Қазақстанда мәдени мұраны цифрландыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тамғалы петроглифтері мен Маңғыстаудағы жерасты мешіттері сияқты тарихи ескерткіштерді цифрлық форматта сақтауға мүмкіндік беретін арнайы платформа іске қосылған.

Сонымен қатар E-Museum жүйесіне 300 музей қосылып, ондаған мың экспонаттың цифрлық каталогы жасалған. Ал «Қазақ киносының алтын қорын» қалпына келтіру аясында өткен ғасырда түсірілген 43 фильм цифрлық форматқа көшірілген.

Премьер-министр цифрландыру мәдениет пен шығармашылық саласын дамытудың жаңа мүмкіндіктерін ашып, оны заманауи экономиканың ажырамас бөлігіне айналдырып отырғанын атап өтті.