Қасым-Жомарт Тоқаев: Облыс әкімдері бюджет қаржысын үнемдеп, тиімді пайдалануы керек

Кәмшат Тілеухан 14 нау. 2025 17:19 154

"Мемлекет барлық аймақта спорт инфрақұрылымын дамытуға баса мән береді. Биыл Астанада Ұлттық спорт университетінің, Түркістанда ескек есу спортына арналған каналдың, Қызылордада футбол стадионының, Жетісу облысында денешынықтыру-сауықтыру кешенінің, Оралда ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған спорт кешенінің құрылысы аяқталады". Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында осылай деген Мемлекет басшысы өзге өңірлерде де қолға алынып жатқан әлеуметтік жобаларға, әлеуметтік салыққа, өңір әкімдерінің жұмысына да тоқталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"...Биыл Көкшетауда көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы басталады. Бұл Қазақстанда теңдесі жоқ орталық болмақ. Осы жобаны арнаулы мемлекеттік қордан, яғни заңсыз активтерді қайтару есебінен қаржыландыру керек. Үкіметке осы мәселені пысықтауды тапсырамын", - деді Мемлекет басшысы өз сөзінде.

Сондай-ақ Президент үш жылдың ішінде 2 триллион теңгеден астам заңсыз активтер елге қайтарылғанын, бұл қаржының аймақтардағы өзекті экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалып жатқаны өте маңызды болып табылатынын баса атап өтті. 

"Қуатты аймақтар – қуатты ел" ұстанымы – менің саяси бағдарымдағы мызғымас қағиданың бірі. Үкімет осы қағиданы негізге ала отырып, облыстардың еншісіндегі әлеуметтік салықты сақтап қалу туралы шешім қабылдады. Алайда облыс әкімдері бюджет қаржысын үнемдеп, тиімді пайдалануы керек. Елге пайдасы тиетін әлеуметтік маңызы бар жобаларға басымдық беру қажет. Бүгін айтылған бастамалар мен жобалар аймақтардың біркелкі дамуына ықпал етіп, еліміздің одан әрі өркендеуіне жол ашады деп сенемін", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар