Қаржы министрлігі мобильді аударымдарға қатысты салықтық тәуекелдер жөнінде азаматтарға хабарлама жолдай бастады. Бұл туралы бүгін Қаржы министрінің бірінші орынбасары Ержан Біржанов мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, министрлік мобильді аударымдарға қатысты бірінші тоқсанның деректерін сәуір айында алып, оларды өңдегеннен кейін мамыр айынан бастап азаматтарға ескерту хабарламаларын жіберуді бастаған.
Біржановтың сөзінше, хабарламалар бірнеше санаттағы азаматтарға қатысты жіберіліп жатыр.
Атап айтқанда, олар:
– кәсіпкер ретінде тіркелмеген жеке тұлғалар;
– жеңілдетілген салық режимімен жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер;
– жалпыға бірдей белгіленген режим бойынша жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер.
Вице-министр қазіргі уақытта ведомство сервистік модель бойынша жұмыс істеп жатқанын айтты.
«Біз адамға белгілі бір табыс көріп отырғанымызды хабарлап, оны декларацияда көрсетуді ұсынамыз», – деді Ержан Біржанов.
Оның айтуынша, жеңілдетілген режимдегі жеке кәсіпкерлер анықталған айырмашылықтарды бірінші жартыжылдық декларациясында көрсете алады. Ал жалпыға бірдей режиммен жұмыс істейтін кәсіпкерлер бұл мәліметтерді жылдық декларацияға енгізуі қажет. Сонымен бірге кәсіпкер ретінде тіркелмей қызмет жүргізіп жүрген азаматтарға ресми тіркелу ұсынылады.
Біржанов әзірге ешкімге айыппұл салынбағанын ерекше атап өтті.
«Бүгінгі таңда бірде-бір жеке тұлғаға немесе жеке кәсіпкерге қатысты айыппұл санкциялары қолданылған жоқ. Біз оларға алдағы декларацияларында қателерін түзетуге мүмкіндік бердік», – деді ол.