Қарин: "Ешқандай қос билік, екіге жарылу, бөліну жоқ" (видео)

Dalanews 24 қаз. 2019 09:56 810

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың уәзірі Ерлан Қарин арнайы видео түсіріп, Конституция баптарын көрсетіп, қос билікке қатысты гу-гу әңгімеге нүкте қоюға тырысты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қарин Қазақстанның қазіргі жүйесі шын мәнінде қандай жүйе екеніне егжей-тегжейлі тоқталып өтті:

"Қос билік" төңірегіндегі әңгімелерге қатысты ойымды білдіре кетуді жөн көрдім. 

Осы аптада, осы күндері көп талқыланған, жиі айтылған тақырыптың бірі  – қос билік. Бірден басын ашып айтайын, қос билік туралы қауесет негізсіз, алып-қашпа әңгімелер. Неге? Өйткені Ата заңымыздың іргетасы саналатын негізгі ұстындары мен ұстанымдары өзгерген жоқ, өзгермейді де. 

Ата заңымыздың 2 бабына сәйкес Қазақстан Республикасы президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет. 

Конститутциямыздың 40 бабы 1 тармағына үңілер болсаңыз мұнда былай деп жазылған: 

Қазақстан Республикасының Президенті – мемлекеттің басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға. 

Былайша айтқанда біздегі биліктің барлық құзіретін қолында ұстаған, иеленген, халық тарапынан сайланған Президент, Мемлекет басшысы, Жоғарғы бас қолбасшы және баршамен бірауыздан мойындалған Ұлттық лидер.


Мұның ара-жігін айыру аса қиын емес. Ата заңымызға үңілер болсаңыз, барлығы тайға таңба басқандай жазылған, биліктің саяси құрылым мен атқару жүйесі Конститутциямызда нық, анық көрсетілген. 

Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де "баршамызға ортақ мақсат-міндет – жаңадан сайланған Президентті қолдап, демеп, көмек көрсету" екендігін бір емес, бірнеше рет айтқан болатын. 

Атап айтқанда мамырда өткен Астана экономикалық форумында Назарбаев: "бізде бір ғана президент бар және барлығымыз соның төңірегінде топтасуымыз керек" деп кесіп айтты. 

Жақында Мәжілісте өткен Нұр Отан партиясы фракциясының отырысында Елбасы элитаны, интеллигенциясы, бұқараны Қасым-Жомарт Тоқаевтың айналысына жұмылдыру қажеттігін тағы да бір рет қайталап айтты. 

Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа Президенттің бағыт-бағдарына қоғамның және элитаның кең қолдауын қамтамасыз ету үшін осы күнге дейінгі барлық тәжірибесі мен саяси қажыр-қайратын пайдалануда. 

Яғни, Президенттік билік қазақстандық саяси жүйенің өзегі болды, болып қала береді де. 


Орталықтандырылған вертикаль мен унитарлық біздің мемлекеттің саяси құрылымының мызғымайтын саяси қағидасы. 

Ал енді мемлекеттік билік органдары жүйесіндегі кадр саясаты кейбір мәселелері туралы Президенттік жарлыққа келетін болсақ,

бұл жарлық Президент пен Елбасы институттарына емес, ол көбіне Президент әкімшілігі мен Қауіпсіздік кеңесінің аппараттары арасындағы ішкі әрекеттесу жүйесін бірыңғайлауға қатысты, демек бұл жәй ғана процедуралық, техникалық мәселе. 


Бұл механизмдер аяқ астынан, кенеттен қабылданып отырған жоқ. Ол Қауіпсіздік кеңесі туралы жаңа заңның ережелері 2018 жылы жазылған болатын. 

Қазір бар болғаны қабылданған нормаларды сәйкестендіруге бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірақ кадрлық саясаттың негізгі принциптері, механизмдері өзгермейді, сақталады. 

Сәйкесінше қазіргі практика Президентке өз бетімен қандай да болмасын дербес шешім қабылдауға кедергі келтірмейді. Қазақстанның билік жүйесі нақты құрылымданған және біртұтас. Ешқандай қос билік, екіге жарылу, бөліну жоқ. 


Мемлекеттік аппарат ортақ тәртіпке сәйкес тиянақты, жүйелі жұмыс істеуде. Мұны шетелдік әріптестер де мойындап отыр.

Мысалы жуырда АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі  Уильям Мозер мырза "Азаттық" радиосына берген сұхбатында Қазақстанда қос билік орнамағанын нақты айтқан болатын.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімшілігімен қарым-қатынасымыз өте жақсы.  Оның Қазақстандағы жағдайды жақсарту мақсатында ұсынған бастамаларын жүзеге асыру үшін бірігіп жұмыс істеп жатырмыз. Біз Қазақстанда қос билік бар деп есептемейміз", – деді АҚШ елшісі. 

Бұл шетелдік әріптестеріміздің пікірі. Жалпы мемлекеттік саясат сол тәртіппен жүзеге асырылуда. Бұрын басталған реформалар жалғасып, жаңа бағдарламалар әзірленуде. Осының бәрін бұрмалап, басқаша етіп көрсетуге тырысатын әлдебіреулер бар. Бірақ оның бәрі де бекер. 

Бізде ортақ стратегия, ортақ жоспар және ортақ басымдықтар айқындалған. Соларға сәйкес қазіргі беталыс бағдарынан ауыспай, жұмыстар жалғасады", – деді Ерлан Қарин. 

Айта кетелік бұдан бұрын ақпарат құралдарында Тоқаевтың 2019 жылғы 9 қазандағы “Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Жарлығы жарияланған. 


Оған сәйкес, қазіргі Президент бірқатар тағайындауларды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасымен, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтанов Назарбаевпен алдын ала келісіп, жасайды делінген.

Атап айтқанда, Елбасы, Қауіпсіздік Кеңесінің басшысы, Президенттің тағайындайтын немесе олармен өзара келісіліп, Президенттің ұсынысы бойынша, сондай-ақ оның әкімшілігімен келісіліп тағайындалатын саяси мемлекеттік қызметкерлердің тізімі жаңартылды.

"Маңызды қызметтер бойынша тағайындауларды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентімен қазіргі Мемлекет басшысы келісіп отырып, жасайтын болады.


Оларға Бас прокурор, Ұлттық банктің төрағасы, ҰҚК басшысы және министрлер жатады. Міне, бұларды Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасымен келісе отырып тағайындайды. Бұл тізімге Сыртқы істер, қорғаныс және ішкі істер министрлік басшылары кірмейді.

Одан бөлек облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астана әкімдерінің, сондай-ақ тікелей Президентке бағынатын және есеп беретін орган басшылары да осы тәсілмен тағайындалады", – деп жазылған еді Жарлықта.

https://youtu.be/iVeR4XUCBSg

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар