"Қарқаралыда жас маман жұмыстан қуылды". Әділдік іздеген отбасы Тоқаевтан көмек сұрады

Dalanews 15 мау. 2025 10:46

Қарқаралы аудандық ауруханасынан шу шықты. Бір жағынан ауруханадағы 100 миллион теңге бюджет қаржысының қолды болғаны анықталып жатса, екінші жағынан осы мекемеде бюрократиясыз, шұғыл түрде пациентке медициналық көмек көрсеткен қызметкер жұмыстан заңсыз қуылып отыр деп хабарлайды Dalanews жергілікті msu.city парақшасына сілтеп.

Жұмыстан қуылған жас маман Мәди Маханов бір отбасының жалғыз асыраушысы.

Әжесі, зейнеткер Баян Қамзина үшінші топтағы мүгедек, екі аяғын баса алмайды, балдақпен жүретінін айтып отыр. Жолдасы бірінші топтағы мүгедек, қос жанарынан айырылған. Немересінің жұмыстан қуылуы отбасының әлеуметтік жағдайын күрт нашарлатып жіберген.

"Ауруханамызда әділдік те, тәртіп те жоқ. Басшылық әділетсіздікке жол беріп отыр.

Немереміз Мәди пациенттің жағдайы нашар болған соң құжат толтырмай-ақ көмек көрсеткені үшін жұмыстан қуылды. Бұл қандай тәртіп? Денсаулығы жақсы, дипломы бар жас маманды заңсыз жұмыстан шығарып жіберген басшы Мусин есімді азаматтың өзі директор міндетін уақытша ғана атқарып отыр.

Қызметі толық бекімей тұрып, адам тағдырын шешуге кім құқық берді?" – дейді ашынған зейнеткер Баян Қамзина.

Ол осы мәселені айтып, бірнеше мәрте билік органдарының табалдырығын тоздырған. Алайда оның шағымына ешкім мән бермеген. Облыс әкімдігі де қабылдаудан бас тартқан.

"Президенттің алдына баруға дайынмын, бірақ онда да ешкім қабылдамайтынын білемін. Аға-көкеміз жоқ, қарапайым отбасы болғандықтан, дауысымызды ешкім естімейді. Қарағанды облысының әкіміне үндеу жасап, осы жағдайды шешіп беруді сұраймын. Жас маманды далада қалдырған басшылыққа шара қолданыңыздар. Біз енді кімге барамыз?" – деп ашынады Баян Қамзина.

Осы ретте, аудандық ауруханада бюджеттен 100 миллион теңге жымқырылғаны туралы жағдай назар аудартады.

"Науқастың өмірін бірінші орынға қойғаны үшін маманды жұмыстан қуу ақылға сия ма? Миллиондаған қаржыны ұрлағандарға неге шара қолданылмайды?

Қарқаралы ауруханасындағы былыққа жергілікті биліктің үнсіз қалуы бюрократияның адам өмірінен жоғары тұрғанын көрсеткендей. Әзірге Баян апаның үндеуі жауапсыз қалып отыр", - деп жазады msu.city.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар