Қарабалиндер әулетінің туысы Фаризат Кенжеғалиева Атыраудағы қайғылы оқиғадан кейін балалардың болашағына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, қазіргі жағдайда балаларды туыстардың бірінің өз қамқорлығына алуы оңай мәселе емес. Фаризат Кенжеғалиева әр отбасының өз тұрмысы, өз балалары мен күнделікті жауапкершілігі бар екенін айтып, бұл жағдай сырт көзге көрінгендей жеңіл шешілмейтінін жеткізді.
Бұл туралы ол Kursiv Media тілшісіне берген сұхбатында айтты.
"Қазір біреудің баласын біреу бақпайды. Өз балаларың өз үйіңе сыймайды. Бәрінде бала бар. Өз ойым – егер Ақбаян сау болса, көмектесер едік. Енді бір отбасыны қырып салып... Ақбаян анандай боп жатқан жерде... Мен өзім оның баласын бағамын деп айта алмаймын. Кім болса да, сөйтеді... Балалардың кінәсі жоқ... Ол осындай әрекетке барардың алдында ойлануы керек еді. Ақылмен шешу керек, ал ол ашумен шешті", – деді Фаризат Кенжеғалиева.
Ол бұл жағдайда ең ауыр мәселенің бірі – балалардың тағдыры екенін атап өтті. Фаризат Кенжеғалиеваның сөзінше, ересектердің әрекетінен бейкүнә балалар зардап шекпеуі керек.