Қалқаман Саринның бір өлеңі туралы

Dalanews 02 там. 2016 09:44 2552

ТАРИХЫ – ақын Қалқаман Сариннан

«АТАМЕКЕННЕН» шығып, көлеңкелі жерлермен көлігіме қарай келе жатырмын. Сол көшені бойлап, маған қарсы бір адам келеді. «Ақырын жүріп, анық басып» келе жатқан адамды бірден Қайнар Олжай ағама ұқсаттым. Бірақ, жақындай бере күмəнданып қалдым. Мұрты жоқ екен. Сөйтіп, дəл қасынан өтіп бара жатып тағы бір қарай салайыншы дедім. Қарасам, Қайнар ағамның өзі. Дəл өзі!
Мұрты ғана жетіспейді.
– Ассалаумағалейкум, аға! – деп амандастым.
– Уағалейкумассалам!– деді.
Өзі ораза ұстап жүр екен. Шамасы, түскі үзілісте «ҚазМедиа орталығын» маңайлап серуендейтін сияқты. Қолында жүректің қағысын реттейтін дəрі.
Хал-жағдай сұрасып болған соң:
– Өлең қалай, жазып жүрсің бе? Анда-санда жазғандарыңды оқып тұрам, – деп жылы пікір білдірді. Қуанып қалдым.
Өйткені, өткен жылы бір отырыста Қайнар ағамның Мұқағалиды, Тұманбайды, Қадырды жатқа оқып, қазақ поэзиясы туралы тұшымды пікір айтып, əдебиетші ғалымдардан кем түспей келістіріп талдағанда таң қалып едім…
Өлең сұраған ағама, кеше жазған бір өлеңімді оқып бердім…
«Сондағы Мəриямның айтқан сөзі» дегендей, оқыған өлеңім осы болды.

***
Жүрекке тəн ізгілікке ұмсыну,
Жалындаған аңсар сезім – от-алау.
«Жалғызбын…» деп жабығады
бір сұлу,
Жалғыздық та сұлу болады екен-ау!
Жамалы бар,
Таң секілді жаңа атқан
Жанарында жалт-жұлт етіп
таза бақ.
Сұлулықпен сүйіншілеп,
Жаратқан
Жалғыздықпен кетіпті оны жазалап.
Білем,
Сезем,
Қылық емес еш құптар,
Жазықсыз жан
Жазмышқа кіріптар.
Сұлулықта өкініш бар, өксік бар,
Жалғыздықта қорқыныш бар,
күдік бар.
Тағдыр бөлек,
Жан, мұң бөлек біздегі,
Ғұмыр біреу.
Оның өзі шектеулі.
Сұлулықта салқындық бар күздегі,
Жалғыздықта жылылық
бар көктемгі.
Дегбір қашып,
Демде шөгіп көңіл – нар,
Жанға батар орман ойдың зіл жүгі.
Сұлулықта жаңылысқан өмір бар,
Жалғыздықта сағыныш бар
жып-жылы.
Арманыма болмай ынтық, ынтызар,
Бəлкім, мен де білмес едім бақ құнын.
Сұлулықта шаттық үн бар, күлкі бар,
Жалғыздықта тəтті мұң бар,
Тəтті мұң!..
Қаншама рет,
Бұл өмірде өлшеулі,
Бақ пен нала,
Ақ пен қара арбасты.
Сұлулықта қоштасу бар ең соңғы,
Жалғыздықта махаббат бар алғашқы.
Бəрі өткінші,
Сезінгенің,
Сезгенің,
Тыңдау керек жүрек үнін, əуезін.
Сұлулықта өмірі бар өзгенің,
Жалғыздықта жалғыз жұп бар.
Ол – өзің!

[caption id="attachment_18510" align="alignright" width="183"]скачанные файлы Қайнар Олжай[/caption]

ТАЛДАУЫ – оқырман Қайнар Олжайдан

Бәрі рас. Біз өлең сұрадық. Қалқаман бауырымыз меселімізді жықпай «кеше жазған өлеңім еді» деп оқып берді. Сарайда, үйде, тіпті өткендегідей дәмханада емес, кездесуде кеште емес, топты адамға, күткен қауымға емес жалғыз өзімізге көшенің тап ортасында талтүсте оқылған өлең қатты толқытты. Жалғыз қалған сұлулар – тарихтан талай белгілі. Өз классиктеріміздің де көркем дүниесі болған.
Алдымен айтарымыз, Қалқаманның бұл құбылысқа қорықпай баруы. Және батыл қадам өзін ақтаған – өлең тарихи таптаурын емес. Соны. Тың. Көркем. Әсерлі. Ойлы. Тұтас өлең ретінде сұлулық пен жалғыздықты салыстыруы – тапқырлық. Жалғыздық пен сұлулық бірде күн мен түндей қарама-қайшылық көрінісі, бірде домбыраның екі ішегіндей ортақ үн беретін үйлесім белгісі ретінде өріліп отыр. Тұрып тыңдаған өлеңнен алдымен осындай шеберлікті аңғардық. Кешегі Жұмекеннің биігіне бүгін Қалқаман шыға алса, қазақ поэзиясының асығының алшысынан түскені емей, немене!
Жұмекеннің жыры бөлініп талданбайды. Жеке шумақты алып жалаулату мүмкін емес. Тұтас өлең – құйыла салған қорғасын. Салмағы ауыр. Өз бедері бар. Бір бөлігін жекелеп ұстау да, қарау да мүмкін емес. Мына өлең де, біздің бала кезімізде талай балқытқан қорғасынымыз сияқты тұтасып жатыр. Соңы, тағы, Жұмекенге тән пәлсапамен аяқталды. «Жалғыздықта – жалғыз жұп бар. Ол – өзің». Әуезовше риза болғанда: «Пәлі!»
Өлең емес, прозадан бұл пәлсапаға балама іздесек: Мағауинде тұнып тұр. «Мен». «Жармақ». Ойлы өлең әу-бастан бізге ұнайды. Ойсыз өлең Құнанбайша айтқанда, жайдақ су сияқты. Шалпылдатып өте шығасың. Ойлы өлең болса тереңіне батырады. Рахат. Шыққың келмей, шыға алмай жүргенің. Тұтас өлең ретінде Қалқаманды Жұмекен биігіне жақындатқан бұл туындыдан өзіміз сағынып жүрген бір кездегі Қадыр ақынның тамаша тапқырлығын қайта жолықтырдық. Демек, ақын, ініміз­дің Қадырдың да биігін алғаны анық. Қиналмай.
Қадыр талантының бір көрнісі
контрас­ты ойната білуі.
«Сұлулықта қоштасу бар ең соңғы,
Жалғыздықта махаббат бар алғашқы».
Немесе:
«Сұлулықта салқындық бар күздегі,
Жалғыздықта жылылық бар көктемгі».
Алғашқы мен ең соңғыны, жылылық пен салқындықты шендестіру арқылы бұл өлең терең ойға жетелейді. Қадырдың күші әр шумақтың соңғы екі жолында танылатын. Ондай штанганы //«белтемір» деген жасанды сөз емес/ Қалқаман да қиналмай көтере алады екен.
Қазақ ақындарының шеберлігінің бір белгісі – аллитерация. Ойыңды дәл жеткізетін сөздің бәрінің бір әріптен бастау оңай сын емес. Нақ мықтысы, әлгі,  Қадыр жарықтық еді. «Боз дала, құшағыңды аш, қозың келді, // Боз тарта бастаппын-ау өзім де енді. Бозаңнан іздейді көп боз үйлерді, //Бозаңнан іздейді көз боз іңгенді» деп боздатқанда кім Қадекеңе тең келсін! Біздің ақын бауыр, поэзиядағы бұл қаруды жетік меңгерген. Нанбасаңыздар бірінші шумақты оқып шығыңыздар: кілең «Ж» әрпіне басталып тұр. Мынау мұхиттың суы мен құрылықтың қара жері бір-бірімен тоқайласарда алдымен сансыз аралдар болып кетеді. Тіпті, Астана мен Алматы арасында күндіз ашық аспан астында ұшақпен ұшсаңыз Балқаштың арғы Алатау жақ жағасынан сондай көріністі байқайсыз. Немесе дала мен орман түйіліскен жерде де шоқ-шоқ ағаш, ойдым-ойдым алқап тұрмай ма. Сол сияқты бірінші шумақтағы «Ж-ның» екпіні екінші шумақта да ентігін баса алмапты:
Жамалы бар,
Таң секілді жаңа атқан,
Жанарында жалт-жұлт етіп таза бақ.
Сұлулықпен сүйіншілеп,
Жаратқан
Жалғыздықпен кетіпті оны жазалап.
Қандай үйлесім. Қалқаманның өзі оқығанда тіпті құлпырған. Біздің шолақ тіліміздің айта алмайтын әрпінің бірі осы «Ж» ақын ініміздің аузында қалай жалт-жұлт етеді десеңізші. Хош. Енді шумақты қойып тармақтарға көшейік. Мұнда да тура Қадырдағыдай балталасаң бұзылмас тіркестер тұнып тұр.
Ғұмыр біреу.
Оның өзі шектеулі.
Жайшылықта әркім айта салатындай көрінетін бұл ойды Қалқаман жайнатып-ақ жіберген екен. Айталық, ала-құла киімді көшеде опыр-топыр жүрген топты бозбала қандай, ал, денелеріне құйыла салғандай бірөңкей салтанатты киіммен шеру тартып, сап түзеп бара жатқан солдаттар қандай. Жай айтылатын ой мен Қалқаманның қаламынан туған тіркесті тек осылай салыстырған ләзім.
Тағы бір тіркесті қараңыз:
Бақ пен нала,
Ақ пен қара арбасты.
Өлеңнің бір жолының өзі ішкі ұйқасқа құрылған. Бұл Өтежанда кездесетін еді. Қалқаман ініміз бір өлеңін оқу арқылы қазақ жырының тағы бір жампозы, Өтежанды біздің еске салған. «Мұңлық көздің жасы құсап, Асығыс-ақ құлағыш. //Көк теңізден жеткен бізге, //Өткен жылғы жылы ағыс» дейтін Өтекең, бір шумақтың ішіндегі тармақтардың өзінде бірнеше ұйқас жасап. Біздің бала да кем емес. Сосын: «Бақ пен налаңыз» «ақ пен қараңызға» ұйқасып қана тұрған жоқ. Манағы Қадырдың, кейін Жарасқанның қолынан келген контраст атойлап алдан шыға келгенде қатты қуандық. Өлеңді өлең ететін ішкі қарсылық қой. Бала кезімізде тасқа тасты соғып ұшқын шығаруға әуес едік. Кейін, оны әркім «болгарка» атты сайман арқылы шоқ-шоқ етіп шаша алатын болыпты. Мына контрас та сондай, біз үшін бейнетті, Қалқаман үшін тым оңай шоқ шығару ғой. Айтпақшы, мұның алдында келтірген мысалымызда тағы бір контраст «шоқ ұшқындату» тұрғанын еңді аңғардық: Сүйіншілеу мен жазалау! Тағы бір тіркесті түртіп қалайық:
Тағдыр бөлек,
Жан, мұң бөлек біздегі…
«Түртіп қалайық» демекші, ауылда саман кірпіштен қаланған, лай сылақпен сыланған қоралар болатын. Айнала бергенде шынтағың немесе тобығың тиіп кетсе бір уыс топырағы саулап түсіп қалатын. Ол қораның ғұмыры ұзаққа бармайтын. Ал, алыстағы беткейде төрт не алты қырлы, әрбір қыры құлақша болып бітетін, сол құлақшаның үстіне ақ тас қойылған зираттар тұратын. Көне көз, құйма құлақ қарттар біздің бала кезімізде «бұларды қалмақтың қас шеберлері қалаған» десетін. Қабан­байлар, Жәнібектер, Барақтар, Боранбайлар ата мекенді қайта азат етуге келгенде алдынан шыққан зираттардан үш ғасырдан астам уақыт өтсе де бір тас сусып құлаған емес. Сол қалпы тұр. Ауғанстандағы, Сириядағы көне заман ескерткіштерін қиратқан долы күштерден сақтаса әлі мың жыл мыңқ етпесі хақ. Домбайлау мен шеберліктің арасы осындай. Қалқаманның мына бір тармағы сол қас шебердің ісі. Ар жағында тағы Қадыр әкесіне жақын­дығы аңғарылады: «Қаны бірге болғаннан қандай пайда, //Болмаған соң шығарда жаны бірге» деп еді ол рухани әкесі.
Иә, әркім бөлек өмір кешеді. Жалғыз­дықтағы сұлудан сен мүлде бөлек өмір кешесің. Қарадүрсін тілмен айтқанда осылай. Оны Қалқаман өлеңмен өзгеше өрген екен.
Тура осы тіркеске қатысты тағы бір ой мынадай: Кезінде талай ақын бір жолды екі-үшке сындырып жазуға құмар болды. Екі түрлі себебі болса керек. Біріншісі: орыс ақыны Маяковскийден қалған үлгі. Сәкен ағамыз сол ұйыққа «Советстанымен», «Экспресімен» түсіп кетіп, шыға алмады. Оның саяси нақ бағасын Мағауин берген. Біз ол жағына жоламай, өлең құрылысы ретінде мысалға алып жатырмыз. Екінші себеп: ақша. Совет заманында өлеңнің әр жолына соммен есептеп ақша төлейтін. Он бір буынды тіркесті соғымға сойылған жылқының кәрі жілігін үш жерінен шауып тастаған сияқты үшке бөліп берсең үш есе көп қаламақы аласың. Қарапайым есеп. Бірақ, оған да шеберлік керек. Совет заманындағы қазақ поэзиясында өлеңді осылай тарамдап жазғанның ең мықтысы әрі талассыз таланттысы – біздің тағы бір табынатын ақымыз Тоқаш Бердияров еді. Ол кісі заң мен ақшаға бағынбай өткенін бүгінгі ұрпақ біле қоймас. Өлеңнің ырғағына ғана бағынған өзгеше құдірет иесі еді.
Тағдыр бөлек,
Жан, мұң бөлек біздегі… арқылы мына бала сол Тоқаш ағамызды да еске түсіріп кеткенін қарашы. Әйтпесе, мың жерден бөлшектеп тастасаң да өлеңіңе соқыр тиын беріп жатқан үкімет жоқ, бізде. Демек, Қалқаман да не Маяковскийге еліктемей, не қаламақыға қызықпай, тек өлеңде болатын ішкі иірімге бағынып осылай жазғаны анық. Тау өзінің тасымен, көл балығымен, ағаш жапырағымен көрікті десек, өлеңнің басты талабы – теңеулерінде. Қалқаманның Астананың көшесінде өзіміздің сұрауымызбен оқыған өлеңі әлбетте теңеуден құралақан емес. Теңеу болғанда қандай. «Демде шөгіп көңіл – нар» деп жазыпты. Көңілді нарға теңеген. Ауыз-екі тілде тек тұлғаға «нар» деген анықтауыш қосатынбыз. Көңілдің қандай зор болғанын «нар» деген теңеу әдемі бейнелейді екен. Ал, сол нар көңіл демде шөгіп кетсе, тосын жәйтті көргенің не естігенің. Бұл жердегі тосын жәйтіңіз – сұлудың жалғыздығы.
Келесі әдемі теңеулерге толы екінші шумақты, біз, мана басқа мысал: бір дыбыстан басталатын жолдары бар алғашқы шумақтың тойы тарқамай жатқан жалғасы ретінде келтіргенбіз. Осы ойлы да сәулелі екінші шумақтың басқы екі тармағында сондай тұнық, таза теңеулер тұр:
«Жамалы бар,
Таң секілді жаңа атқан
Жанарында жалт-жұлт етіп таза бақ».
Жанарда таза бақтың жалт-жұлт еткені – ерекше бейнелеу емес пе. «Жүректегі нұр», «көңілдегі кір» дегендей күнделікті аузымызда жүретін сөздер емес, өзі де таза бақтың жанардан жалт-жұлт ете қалуы – ақындардың атасындағы «жас жүректің саусақ жай­ғаны»  сияқты анау-мынау ақынның қанжығасына байлана қоймас олжа шығар. «Таң секілді жаңа атқан» деген теңеу – сұлудың жанарының сипаты. Сол жаңа атқан таң секілді жанарда таза бақ жалт-жұлт ете қалды. Біздің бала шеберлікті аттай ерттеп мінген екен. Әлгі, атасының саусағын жайған жас жүрегі алыстағы Айға талпынатыны бар еді. Мынаның одан қай жері кем! Егер, осы екі жолдағы жалғыз үтір «Жамалы бар» тіркесінен кейін емес, «жаңа атқан» тіркесіне кейін қойылса, онда «таң секілді жаңа атқан» теңеуі Жамалдың, яғни, көріктің сипатына айналар еді. Ол халық әніне айнала бастаған байырғы ақындардың бәрінде бар ғой: «ажарың ашық екен атқан таңдай….» Жоқ, біздің бала ол тұстан өтіп кеткен: «Жамалы бар» – өзі бөлек сипаттама да, ал, бір емес, бірін -бірі үстемеген екі теңеулі «Таң секілді жаңа атқан //Жанарында жалт-жұлт етіп таза бақ» – жеке отау тіккен ерекше байлам. Біз сияқты пақырыңыз байқамайтын, ақынның қырағы көзі, бәлкім маңдайдағы емес көкіректегі көзі аңғаратын айрықша сәт. Бәрекелді, бауырымыз!
Ат үсті шолып шықпай, мына өлеңді әжелердің қылшықты ешкінің жүнін түткеніндей етіп барынша байыптап оқысаңыз, тағы бір тұстан тамаша теңеу табылады: «Жанға батар орман ойдың зіл жүгі». «Орман ой» да – тапқырлық. «Қалың ой», «батпан ой», «ауыр ой» дегендер күнделікті қолданыста жүреді. «Орман ой» болса тың теңеу. «Ой орманы» – марқұм Қадекеңнің кітабының аты – құбылыстың сипаттамасы, Қал­қаманның «орман ойы» болса – ағаның соңынан сөз ойнату ғана емес, жаңа теңеу табу. Әрі қарайғы «орман ойдың зіл жүгі» – манағы бір теңеуді екінші теңеу үстемелейтін шеберліктің жалғасы. «Зіл» сөзі көбінесе анықтауыш мағына беру үшін «зілдей» деп айтылатын. Өзі арғы төркінінде «пілмен» туыстас. Піл әлі көз алдымызда, даладан көрмесек те, зообақта тұрады. Жас кезімізде Қарағанды зообағында сөйлейтін Батыр атты піл болған. Біз ол кезде жастар газетінің тілшісі «Піл тіл қатты» деп мақала жазғанбыз. Хош. «Піл» сөзі де, өзі де әлі бар хайуан десек, ал, «зіл» деп бабалар оның жақын туысы әрі солтүстік өңірге бейімделген мамонтты атаған. Ғалымдар табылған сүйектері, тіпті, тұтас қаңқаларын зерттеген ғалымдар оның тұрқы да, салмағы да қазіргі пілден ірі екенін анықтаған. «Зілдей» дегенді естісек, құлағының өзі қалқандай, тұмсығының өзі құбырдай пілден де ауырды көзге елестетеміз. Сұлудың жанына жалғыздықтың қандай салмақ түсіретінін осыдан аңғарыңыздар, Қалқаманның оқырмандары.
Поэзиядағы тағы бір тәсіл – үстемелеу. Әсерді арттыру үшін керек. Аяулы ақынымыз болған Тұманбайдың елеулі «Етік» атты өлеңінде балалық шағын «аш жатып, суық үйде ұйықтап жүрдім» деп сипаттайды. «Аш жатудан» соңғы «суық үйде ұйықтау» өлеңдегі үстемелеудің ересен көрінісі. Тағы бір Молдағалиев, яғни, Жұбан ақын «Сел» поэмасында үстемелеу тәсілін ғажап қолданады. Бұл ұтымды қаруды Қалқаманның өлеңінен де таптық.
«Сұлулықта өкініш бар, өксік бар,
Жалғыздықта қорқыныш бар,
күдік бар».
«Өкініш бар» деп қоя салуға да болады. Бірақ, сұлулық қасіретін жеріне жеткізу үшін және «өксік бар». Жалғыздықтың қашан да адам қорқытатыны белгілі. Жалғыз қалғанда кең сарайда отырып та, тар қапаста отырып та қорқатының хақ. Ал, Қалқамен сол қорқынышқа «күдікті» әкеліп үстемелейді. Табылған тәсіл. Әдемі әдіс. Өлеңнің өрісін кеңіткен шеберлік.
Енді, таза өлең техникасына тоқ­талайық. Бұл талапты қазір /2016 жылғы маусым айының ортасында/ Еуропа елдері арасында біріншілігі қызу өтіп жатқан футбол ойынымен салыстыруға болар. Футболдың әсері голда ғана емес, ойыншылар көрсететін шеберлікте. Өлең де сол сияқты. Айтайын деген түпкі ойы – гол да, соған жетер жолдағы көркемдік кестесі – техника. Қалқаманның жалғыздық пен сұлулыққа арналған өлеңі оның өлең өлшемін қапысыз меңгергенін байқатады.
Өз басымыз буындары артық-кем, ұйқастары олпы-солпы жырды тәуір көрмейміз. Өкінішке орай, қазір солай жазатындар көбейіп кетті. Ол үрдіс тек Мұхтар Мағауинның жанкешті іздеулері мен зерттеулерінің арқасында ХХ ғасыр оқырмандарына оралған он үшінші-он жетінші ғасырларда өмір сүрген жырауларға тән болса керек еді. Одан беріде қазақ жырының көші түзелген. Шамасы Қожаберген жырау дейді ғой, кім толғаса да «Қаратаудың басынан көш келеді» шыққаннан бері уақытта қазақ өлеңі өлшемге түскен. Әрбір тармағы үш бунақтан тұрады. Бір бунақта не үш, не төрт буын кездеседі. Тармақтың өзі не он бір буынды, не жеті-сегіз буынды. Бір шумағында төрт тармақ болады. Қанша шумақ болып шығуы айтар ой мен тербеген сезімге қатысты. Біз мұны Ахмет Байтұрсынұлының еңбегінен өз қолымызбен көшіріп, бір дәптеріміздің алғашқы бетіне жазып алып едік. Ол дәптер Алматыда, өзіміз Астанадамыз, тек мида қолған сұлбасымен келтіріп отырмыз. Осының нағыз стандартын Абай Құнанбайұлы жасаған. Сосын, өзі ізденіске барып «Сегіз аяқты» тудырды. Қазақ жырының және бір заңғары Шәкерім де осы стандартты ұстанды. Абайдың өз алдындағы Шортанбай, Дулат, Бұқар жырауды сынау себебі, «өлеңдерінің бәрі жамау, бәрі құрау» деуі – ана ақындардың осы стандартты сақтамауынан. Шортанбайлар жырының стандартқа сыймай қалуы да түсінікті – олар ауызша айтты. Отырып жазған жоқ. Алдарындағы Қазтуған, Шал, Асан Қайғы, Жиреншеден қалған өлшемсіз өлеңдер құлақтарында тұрды. Олар – ауыз әдебиетінің алыптары да, Абайдан қазақтың жазба поэзиясы басталады. Сол Абай стандарты бойынша, қазақ өлеңінің өлшемін бұзбастан сұлу да мінсіз жыр жазуға боларын Қасым мен Сырбайлар дәлелдеді. Солармен бірге соғысқан, біздің ең тұщынып оқыған ақынымыз Тоқаш Бердияровты қараңыз, өлеңнің бір тармағын үш, тіпті төрт жолға бөліп жазғанмен бәрібір бунақ пен буынның өлшемін сақтаған. Бір өлеңіндегі барлық шумақтар бір ережеге бағынған. Одан беріде ең талантты төрттік: Мұқағали, Сағи. Қадыр, Тұманбайды тексеріңіз. Соңғы үшеуі шумақ пен тармаққа, одан бунаққа қойылатын, кезінде Ахмет Байтұрсынұлы сипаттап берген талапты толық сақтаған. Тура ереже бұзбай-ақ автокөлікті шебер айдайтын жүргізушілер сияқты. Тек, Мұқағалида ара-тұра бір шумақта төрт емес, бесінші артық тармақ кездесіп қалады. Оның өзі соңғы төртінші тармаққа ұйқасып жатқандықтан және төрт тармаққа сыймаған жеке бір ойды көтеріп тұрғандықтан кешірімді көрінетін. Бұған Мұқағалидың бұла мінезі қосылған соң, жарасымды да болатын. Әйтсе де, тармақ ішіндегі бунақ пен буында Мұқағали еш ереже бұзбайды.
Қазақ поэзиясының бүкіл классиктері сақтаған осы өлшемнің кейінгі жылдары жаппай бұзылуы – біздің ішімізге сыймай жүрген жәйт. Тәуелсіздік дегенді өлең ережесін бұзумен шатастырмау керек еді. Аттарын атамай-ақ қоялық, бір кезде Байтұрсынұлы ғылыми қалыптап кеткен өлең өлшемін бұзушыларды көрсек, оқымай кетеміз. Ішінде қандай алтын ой жатса да, айналып өтеміз. Басқа амалымыз жоқтықтан. Жол ережесін бұзғандар айып төлейді, ал, Абай қалыптастырып, Ахмет заңдастырған өлең өлшемін бұзушыларға бұдан басқа шарамыз жоқ. Оларды Абайды естімеген сауатсыз деуге ұяласың. Шеттерінен «алашым» деп өңмеңдейтіндеріне қарап Ахмет ақсақалдың еңбегін оқымаған деуге қимайсың. «Ақынбыз» кеуде қаққандарына қарап, Абайдан Өтежанға дейінгі классиктерді білмейді деуге сенбейсің. Өлең өлшемін әдейі бұзып жүрген ақындар поэзиясын немен салыстыруға болады? Таптық: қайың мен қарағайы, үйеңкі мен шыршасы, сәмбі тал мен көк терегі жоқ, тек өз бетімен қараағаш өскен жерді парк деп атаған сияқты екен. Ал, тәубе, біздің Қалқаман бауырымыздың паркі арам өскен ағаштан таза екен.
Абайдан қалған поэзия бағына өз еккен әрбір талды аяулы қолмен мәпеленген. Қадырда, Тұманбайда, Сағида, осы тұста тағы бір арынды ақынды қоса кетелікші, Жүсіп Қыдыровта болған жауапкершілік жас ақынның бойынан табылыпты. Бір шумақта төрт тармақ. Төрт тармақ тегіс үш бунақтан тұрады. Екеуі төрт, біреуі үш буынды үш бунақ қосылғанда он бір буын шығады. Әріден бар, Абайдан соң толық тұлғасымен бой көтеріп күллі әлемге мен-мұндалаған, Мұқағалидың өзі «қасиетінен айналған» қазақтың қара өлеңі. Бізге бұдан артық не керек!
Сосын, біздің бала, осы қара өлеңге шалыс ұйқасты қолданыпты. Шалыс ұйқас: 1-2-1-2 оңайлықпен жазылмайды. Одан 1-1-2-1 ұйқасы жеңілдеу. Қалқаман барған соң қиынға барыпты. Әрі соңғы, ұйқасатын бунақ үш буынды екен. Төрт буынды болса тағы оңайырақ болар ма еді. Алғаш ұйқасқа іліккен «ұмсыну» мен «бір сұлу» қалай сыңғырлап тұр. Жай ұйқасқан сөздер емес, бірін-бірі толықтыратын мәндері бар. «Таза бақ» пен «жазалап» та мінсіз ұйқасады. «Көңіл – нар» мен «өмір бар» ұйқасын Қадырдан ғана табар едіңіз. Қазақ поэзиясының бағы бар шығар, Қадекеңнің өнегесі лайықты жалғасын тауыпты. «Бақ құнын» мен «тәтті мұң» ұйқастары да сөздің әуезімен қатар мәннің жалғастығын аңғартады.
Міне, ақын Қалқаман Саринның бір өлеңі біздің қаламды осылай оятты. Толғандырды. Кезінде Қадыр ағамыздың шығармашылығы туралы «Өлеңге – мырза, өмірге – «ырза» деген мақала жазғанбыз. Кейін бір ақынның жастар өткізген жыр кешінен әсерленіп, «Есенғалиға түскен есеп» атты мақала жазып тастаппыз. Екеуі де өз уақытында «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды. Енді Қалқаманның кө­шеде, тоқтап тұрып оқыған өлеңін талдадық. Үш толғаныс. Үш буын. Шамасы ең көрнекті өкілдері шығар. Біз үшін. Айтпақшы, біз оның өлеңінен алынған әсерді жаздық. Ал, өлеңнің қандай сезімге бөлегені ішімізде қалды. Әсер мен сезім – екі бөлек ұғымдар. Әлгі сұлулық пен жалғыздық сияқты. Тағы бір шабыттанған шағында ақын бауырымыз әсер мен сезім туралы да қос өрімдей өрілген өлең жазып тастаса, қуанар едік.

"Ақиқат" журналы


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар