Путин: «Киевке Tomahawk зымыранының берілуі - соғыстың жаңа кезеңі»

Көркем Алдабергенова 03 қаз. 2025 11:01

Ресей президенті Владимир Путин Украинаға америкалық Tomahawk зымырандарын беру мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Бұл – қуатты қару. Дегенмен қазір ол аса заманауи емес. Бірақ қауіп төндіреді. Алайда бұл соғыс барысын өзгертпейді. Украина армиясының басты проблемасы – адамдардың жетіспеуі. Қанша дрон берсең де, қанша қорғаныс шебі құрсаң да, егер сарбаздар болмаса, ешкім соғыспайды», – деді ол 2 қазанда өткен «Валдай» халықаралық пікірталас клубында.

Путиннің айтуынша, егер Киев Tomahawk зымырандарын алса, бұл тек әскери салада ғана емес, Ресей мен АҚШ арасындағы қарым-қатынаста да жаңа шиеленіс кезеңін бастайды.

«Бұл біздің қатынастарымызға зиян келтіре ме? Әрине, зиян келтіреді. Өйткені Tomahawk-ты америкалық әскери мамандардың қатысуынсыз қолдану мүмкін емес. Бұл мүлдем жаңа эскалация кезеңі болады», – деді Ресей басшысы.

Сөз соңында Путин: «Tomahawk бізге зиян келтіре ала ма? Әрине, ала алады. Бірақ біз оларды атып түсіреміз», – деп түйіндеді.

Еске салайық, бұған дейін Путин Францияның ресейлік танкерді ұстауын «қарақшылық» деп атаған болатын.  


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар