Ресей президенті Владимир Путин Францияның бейтарап суларда мұнай тасымалдаушы танкерді ұстауын «қарақшылық» деп бағалады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Бұл – қарақшылық. Иә, бұл жағдайдан хабарым бар, танкер бейтарап суларда еш негізсіз ұсталды. Онда бәлкім әскери жүк, дрондар немесе басқа бір нәрсе іздеген шығар. Бірақ ондай ештеңе жоқ, болмаған да, болуы да мүмкін емес», – деді Ресей басшысы халықаралық «Валдай» пікірталас клубының отырысында.
Осылайша Путин Франция тарапынан ұсталған мұнай танкеріне қатысты оқиғаға пікір білдірді.
Еске салайық,Франция билігі Ресейдің «көлеңкелі флотының» бір бөлігі болуы мүмкін Boracay мұнай танкерін ұстады. Бұл топқа Ресейден мұнайды Украинаға қарсы соғысқа байланысты енгізілген санкцияларды айналып өтіп тасымалдайтын кемелер жатады. Бейсенбі күні кеме капитанына бұйрықтарға бағынбағаны үшін айып тағылды.
MarineTraffic сайтының деректеріне сәйкес, Boracay 20 қыркүйекте Ресейдің Ленинград облысындағы Приморск портынан шығып, Үндістанға бет алған.
Франция жағалауына жетпей тұрып, 22 қыркүйекте Boracay Копенгагеннің оңтүстігінен шамамен 50 теңіз милі (90 км) жерде болған. Дәл сол кезде дрондардың ұшуы Дания билігін ел астанасының әуежайын Гринвич уақытымен сағат 18:30 шамасында жабуға мәжбүр етті.
Lloyd's List басылымының хабарлауынша, Дания билігі дрондар Boracay танкерінен ұшырылуы мүмкін бе деген күдікпен тергеу жүргізуде. Алайда бұл елдің үкіметі кемені ұстауға әрекет жасамаған. Boracay-дан бөлек, тағы екі кеме – Astrol-1 және Oslo Carrier 3 те күдікке ілінген.
Ресей өз кезегінде Еуропадағы дрондардың ұшырылуына қатысы барын бірнеше рет жоққа шығарған.