Путин армиясы рацияны Али Экспресстен алдырып жүр - тәуелсіз журналист

Dalanews 23 нау. 2022 07:25 694

Тәуелсіз журналист, Ресейдегі коррупция тақырыбын зерттеп, танымал болған Сергей Канев Путиннің тығырыққа тірелгенін айтты деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның пікірінше басқыншылар не алға жылжи алмайтын, не кері шегіне алмайтын дәрменсіз күйге түскен.

Шабуылдайтын қауқары жоқ, болдырып қалған, кері шегінер болса, опасыздық жасағаны үшін қудалауға ұшырайды.

Шойгу басқаратын әскери сала коррупцияның ордасына айналған. Әскерге бөлінген айлапат ақша жемқорлардан артылмайды. Ресей армиясы айбынынан айырылған, қатардағы сарбаздар азып-тозып жүр. Олардың Путиннің бұйрығына бағынудан басқа амалы жоқ.

Сөй деген Сергей Канев Қорғаныс саласындағы "бармақ басты, көз қысты" әрекеттің Украин жерінде әшкере болғанын егжей-тегжейлі әңгімелепті.



"Ресей армиясындағы жемқорлықтың шектен шыққаны сонша, басқыншыларда дені дұрыс байланыс құралы жоқ. Путин мың жерден бұйырса да, қарапайым тілдесу құралынан тапшылық көріп отырған әскер алға жылжымайды.

Тұтқынға түскен орыс оккупанттарын тыңдасаңыз, "біз байланыссыз отырдық, хабар-ошарсыз қалдық, кімнің қайда жүргені белгісіз, рацияға зәруіміз" деп зар илеп отыр.


Шойгу мақтауын асырған "Азарт" радиостанциясы соғыс жағдайына жарамсыз болып шықты, шетінен істен шығып жатыр. Оккупанттар телефон арқылы тілдесуге мәжбүр, олардың әңгімесін украиндар сол мезетте шап беріп, орыс әскерінің орналасқан жерін анықтауда. Рацияға зәру, жанармайы таусылған, танкісі талқандалған, аштықтан бұратылған орыс әскері украин ауылдарын тонаудан өзге түк бітіріп жүрген жоқ, Путин армиясының қазіргі сиқы осы.

Қорғаныс министрілігінің тапсырысымен жасалған атышулы "Эра" смартфоны да күресінде жатыр, түкке жарамайды. Екеуара әңгімені құпияда ұстайды, үшінші тараптың килігуінен қорғайды деген телефонды пайдалану үшін 3G немесе 4G желілері қосылып тұруы керек. Украинаға басып кірген орыс әскері алдымен ұялы байланыстың мұнараларын атқылаған еді...", – дейді ресейлік журналист.

Оның атап өткеніндей, амалы таусылған оккупанттар қытайдың арзанқол (Baofeng) рациясын пайдалануға мәжбүр. Шойгудан көмек күте, күдері үзілген әскер өз бетінше күн көруге көшіпті. 


"Әскерилердің айтуынша қытайдың рация сиқы жоқ, суыққа шыдамсыз, қуаты тез таусылатын, үлбіреген құрылғысын АлиЭкспресстен-ақ сатып алуға болады. Атынан ат үркетін орыс әскері АлиЭкспрессте самсап тұрған сапасыз дүниені соғысқа салып жүр", – дейді Сергей Канев.

Ал Шойгудың шабармандары Путин айтатын "әскери операцияның" қызығын көруде. Қорғаныс министрлігіндегі шенді-шекпенділер осы науқанға бөлінген қыруар қаражатты едел-жедел "игеру" үстінде екен.

Сөй деген Канев Шойгудың оң қолы саналатын, Қорғаныс министрлігіндегі Байланыс басқармасының басшысы, генерал Халил Арсылановқа шүйлігіпті.

"Соғыста түкке жарамай қалған "Азарт" рацияларын сатып алуға Арсылановтың басқармасы 6,7 млрд рубль жұмсап жіберді. Путиннің пропаганда құралдары бұл туралы тіс жармайды. Біздің елде ешнәрсенің есебі жоқ. Бұған бөлінген есіл ақша Шойгу, Арсыланов секілді парақорлардың қалтасында кетті. Бөгде елде оққа ұшып, көмусіз қалған орыс сарбаздарының тағдыры ешкімді толғандырмайды", – дейді Канев.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар