Путин елден кеткен ресейліктердің құқығын шектейтін заңға қол қойды

Путин елден кеткен ресейліктердің құқығын шектейтін заңға қол қойды
ЖИ: Dalanews.kz

Ресей президенті Владимир Путин Ресейден тыс жерде жүріп, заң талаптарын орындаудан жалтарған азаматтарға қатысты уақытша шектеу шараларын енгізуді көздейтін заңға қол қойды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жаңа заңға сәйкес, Ресей үкіметі бірқатар әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша жауапкершілікке тартылған шетелдегі ресейліктерге (релоканттарға) түрлі шектеулер қоя алады.

Атап айтқанда, олардың банк шоттары мен мүлкі бұғатталуы немесе уақытша тоқтатылуы мүмкін. Сондай-ақ Ресей банктерінің сайттары мен мобильді қосымшаларына қолжетімділігі шектеледі, несие рәсімдеуге тыйым салынады, электронды қолтаңбаны пайдалану құқығы тоқтатылады, мемлекеттік онлайн-қызметтер мен консулдық қызметтерді пайдалану мүмкіндігі шектеледі.

Бұдан бөлек, мұндай азаматтарға жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге және өз атынан мәмілелер жасауға да тыйым салынуы ықтимал.

Заңдағы шектеулер, әсіресе, Ресей армиясын «дискредитациялау», «шетел агенттері» туралы заңнаманы бұзу және «қажетсіз ұйымдардың» қызметіне қатысу баптары бойынша жауапкершілікке тартылған азаматтарға қатысты қолданылады.

Аталған шектеулерді енгізу және құқық бұзушылардың арнайы тізілімін жүргізу құқығы Ресейдің Әділет министрлігіне беріледі.