Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай отырысындағы сөзі басталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ең алдымен президент бүгінгі Амал күнімен құттықтады.
"Қыстан аман-есен шығып, ағайын-бауырмен көрісу – ежелден келе жатқан ата дәстүріміз. Бұл күн – Әз-Наурыздың бастауы. Еліміздің төл мерекесі биыл да қасиетті Ораза айына орайлас келіп отыр.
Қастерлі мейрамдарымыз халқымызды игі амалдар жасауға үндейді. Асыл қасиеттерімізді кеңінен дәріптейді. Құрылтайдың ұлық мерекелермен қатар өтіп жатқаны – жақсылықтың нышаны", дейді президент.
Мемлекет басшысы:
«Осыдан үш жыл бұрын наурыз айында арнайы Жолдау жарияладым, оны білесіздер. Елімізді түбегейлі жаңғырту үшін ауқымды реформа жасайтынымызды айттым. Сол кезде алғаш рет Ұлттық құрылтай туралы бастама көтердім.
Үш жылдың ішінде Қазақстан жаңа тұрпатты ел болды. Саяси реформалар жан-жақты өзгерістер жасауға мүмкіндік берді. Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңға түзетулер енгізілді. Парламенттің құзыры кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Адам құқықтарын қорғау жүйесі жақсарды. Конституциялық сот құрылды. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың белсене қатысуына жол ашылды. Басқа да бағыттарда маңызды реформалар жасалды»
Жергілікті билік түбегейлі жаңғыртылды
«Үш жылдан астам уақыт ішінде ауыл әкімдерінің 72 пайызы жаңарды. Оның үштен бірі – бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар. Бір сөзбен айтсақ, аймақтардағы атқарушы билікке жаңа адамдар келіп жатыр.
Пилоттық жоба ретінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың 45 әкімі сайланды. Биылдан бастап барлық аудан әкімдерін халық тікелей сайлайтын болады. Түрлі деңгейдегі мәслихат сайлауы өкілді билік органдарының жұмысына тың серпін берді. Облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының 90 пайызы бір мандатты округтен, яғни тікелей дауыс беру арқылы сайланды. Билік жүйесінде мұндай ауқымды өзгеріс бұрын-соңды болмады».
Бірқатар мәселе
«Енді бірқатар мәселеге арнайы тоқталып өткім келеді. Ең алдымен қоғамда қызу талқыланып жатқан салық реформасына қатысты пікірімді айтайын.
Салық жүйесі, бұл – бүкіл мемлекеттік жүйенің тірегі. Бюджетте қаржы болмаса, мемлекет өз міндетін толық атқара алмайды, әлеуметтік міндеттемелер де орындалмайды. Бұл туралы жаңа ғана белгілі экономист Жақсыбек Құлекеев жақсы айтып өтті. Сондай-ақ Құрылтай мүшелері Қайырбек Арыстанбеков, Марат Башимов, Ерлан Саиров, Расул Рысмамбетов және Мұрат Әбенов салық-бюджет мәселесіне қатысты орынды пікір білдірді.
Еліміз үшін аса қажет шаралардың мән-маңызын халыққа егжей-тегжейлі түсіндіру керек. Жұрттың бәрі экономист немесе қаржыгер емес. Мемлекеттің қандай шараны не үшін қолға алып жатқанын бәрі бірдей түсіне бермеуі мүмкін. Сондықтан реформаның мәнін адамға түсінікті тілмен жеткізу керек».