Президент Тоқаев су тасқынына байланысы елге үндеу жолдады

Жарас Кемелжан 06 сәу. 2024 13:34 17764

Президент Тоқаев 6 cәуір 13:00-де халыққа үндеуінде биылғы су тасқыны соңғы 80 жылдағы ең ірі апат екенін айтты. Бұл туралы Dalanews.kz хабарлайды.

Оның атап өткеніндей, мұндай ауқымды апат бұрын-соңды болмаған.

"Құрметті отандастар, сіздерге еріген қар суынан кейінгі су тасқынынан туындаған күрделі жағдайға байланысты хат жолдап отырмын. Бұрын-соңды болмаған табиғи апат орын алды. Бәкім, бұл – соңғы 80 жылдағы ең ірі апат шығар", – деді ол халыққа жолдауында.

Мемлекет басшысы еліміздің 10 облысында – Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында жергілікті төтенше жағдай режимі енгізілгенін атап өтті.

"Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы – азаматтардың амандығы. Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі. Біз алапат су тасқынынан тиісті қорытынды шығаруымыз керек. Яғни, жіберілген олқылықтарды түзетіп, тиісті сабақ алуымыз қажет. Ал ондай сабақтар аз емес",- деді Тоқаев.

Айтуынша, оның тапсырмасынан кейін су тасқынының салдарын азайту жұмыстары күшейіп, тиісті шаралар қабылданған, премьер-министр Бектенов басқаратын республикалық штаб құрылды. Енді қорғаныс министрлігі қосымша әскери бөлімдер жібереді.

“Үкімет басшысы да, оның орынбасарлары да, Төтенше жағдайлар министрі де зардап шеккен аймақтарды аралап жүр. Барлық жергілікті құтқару жұмыстары менің жеке бақылауымда. Жағдай қиын, бірақ үміт үзудің қажеті жоқ, бұл жағдайды түзетеміз. Ең бастысы – адам шығынының алдын алу”, – деді Мемлекет басшысы.

Президент су тасқынынан зардап шеккен азаматтар мемлекеттің назарынан тыс қалмайтынын және барлық материалдық шығын өтелетінін атап өтті.

Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарына, белсенді азаматтарға және блогерлерге жұртты дүрбелеңге салатын жалған ақпараттарды таратпау қажеттігін еске салды.

"Қазіргі уақытта билік пен қоғамды ұйыстыратын әрекеттер жасау аса маңызды. Азаматтарды тек қана ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырамын",- деді Тоқаев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар