Пойызда сәбиін терезеден лақтырған әйел қанша жылға сотталуы мүмкін? — Абзал Құспан пікір білдірді

Қаракөз Амантай 23 сәу. 2025 15:00 252

Мәжіліс депутаты әрі танымал заңгер Абзал Құспан Қызылорда-Астана бағытындағы пойыздың дәретханасында босанып, сәбиін терезеден лақтырып жіберген бойжеткенге қатысты қылмыстық жауапкершілік туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, бұл іс бірнеше бап бойынша қарастырылуы мүмкін.

“Егер әйел психикалық тұрғыдан сау болып, саналы түрде әрекет етсе, бұл іс адам өлтіру бабымен қаралып, аса ауыр қылмыстар санатына енеді. Мұндай жағдайда әдетте 10 жылдан жоғары жаза кесіледі”, — деді депутат.

Алайда егер әйел босану кезінде ерекше жан күйзелісі (аффект) жағдайында болса, бұл орташа ауыр қылмыс ретінде бағалануы мүмкін.

“Бұл жағдайда шартты жаза немесе бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалуы ықтимал. Сондықтан түпкілікті шешім тиісті сараптамалар — сот-медициналық, сот-психиатриялық және психологиялық сараптамалар қорытындысынан кейін ғана белгілі болады”, — деп нақтылады Құспан.

Қазіргі уақытта бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр. Сараптамалар нәтижесі істің қалай бағаланатынын анықтайды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар