Польша Республикасының аумағында бұған дейін тұтқындалған Қазақстан азаматы биыл 28 сәуірде бостандыққа шыққаны белгілі болды. Бұл туралы Президенттің кеңесшісі - баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Мұндай нәтижеге Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан азаматтарын, соның ішінде шетелдегі отандастарымыздың құқығы мен мүддесін дәйекті түрде қорғауының арқасында қол жеткізілді.
Мемлекет басшысы таяуда Беларусь Президенті Александр Лукашенкомен телефон арқылы сөйлесіп, күрделі жағдай кезінде екі ел конструктивті тұрғыдан ынтымақтаса әрекет еткені үшін ризашылығын білдірді.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті оңтайлы нәтижеге қол жеткізуге ықпал еткен Ресей Президенті Владимир Путинге де алғыс айту орынды деп санайды.
Мемлекет басшысы Польша Президенті Кароль Навроцкий мен Премьер-министр Дональд Тускке Польша тарапы орын алған жағдайға байланысты байыпты шешім қабылдағаны үшін ризашылығын білдіріп, хат жолдамақ", - деп жазылған хабарламада.
Бұған дейін БАҚ-та әскери атташенің аппарат қызметкері ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Ол Польшада тыңшылық жасағаны үшін ұсталғаны айтылды.
