"Погон, мүйіз және миллиондаған доллар". Қорғастан табылған заңсыз заттар

Көркем Алдабергенова 04 қаз. 2024 10:32 1777

Мемлекеттік кірістер комитеті 2024 жылдың сегіз айында Қорғастан табылған заңсыз заттар туралы айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz Orda.kz-ке сілтеп. 

Комитет мәліметінше, Қорғаста заңсыз өткізу деректері көп болған. 

"Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметімен бірлесіп жүргізген кедендік бақылау кезінде 2024 жылдың сегіз айында 17 мыңнан астам блок темекі өнімдері, оның ішінде 1800 дана электронды темекі (вейп), екі мыңға жуық аң терісі, 300 дана темекі өнімдері, ақбөкен мүйіздері, 100-ге жуық элиталық спирт табылды", делінген хабарламада. 

Сонымен қатар, Қорғас арқылы тасымалданатын тауарлардың арасында қос мақсаттағы заттар, яғни әскери мақсатта пайдалануға болатын құралдар табылған. 

"Мысалы, 2023 жылдың басынан бері ішкі істер органдарының үш ұшқышсыз ұшатын аппараты (дрон), 107 колба, 85 пакет погон табылды", - деп толықтырды Мемлекеттік кірістер комитетіндегілер. 

Қорғастан тек тауар емес, сонымен қатар, валютаны өткізбек болғандар да анықталған. 

"2024 жылдың сегіз айында Қорғас кедені ресми декларациясыз Қазақстаннан Қытайға 2,3 миллион доллардан астам қолма-қол ақшамен өтпек болған адамдарды ұстады", - деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитетіндегілер.

Ал президенттің 2022 жылғы 14 наурыздағы жарлығы бойынша шекарадан 10 мың доллардан артық соманы алып шығуға тыйым салынады.

Заңды бұзғандар әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар