Абай облысында 20 жастағы қыздың өліміне қатысты сот басталды

Абай облысында 20 жастағы қыздың өліміне қатысты сот басталды
Фото: Tim Clayton/Corbis via Getty Images

Семейде Бородулиха ауылының 20 жастағы тұрғыны Дильназ Жұмағұлованың өліміне қатысты сот процесі басталды. Алғашқы отырыста прокурор айыптау нұсқасы бойынша қылмыстың мән-жайын жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Stan.kz басылымының жазуынша, қайғылы оқиға биыл 13 шілдеге қараған түні болған. Қыздың денесі кейін жол бойынан табылған.

Прокурордың айтуынша, сол түні Дильназ бұрынғы жігітіне Бородулиха ауылының орталығында кездесуді ұсынған. Қыз оны досымен бірге күтіп алып, кейін досымен қоштасқан соң жігітпен сөйлесуді жалғастырған.

Айыптау тарапының нұсқасы бойынша, көшеде келе жатқанда екеуінің арасында жанжал туындаған. Осыдан кейін айыпталушы қызға күш қолданып, пышақ жарақаттарын салған.

"Сотталушы қалтасынан алдын ала дайындап қойған жиналмалы пышақты шығарған. Өз әрекеті жәбірленушінің өліміне әкелуі мүмкін екенін түсіне отырып, сотталушы марқұмның мойын тұсына соққы жасап, ұйқы артериясын зақымдаған. Жұмағұлова жарақатын қолымен басып, отыра кеткен. Оның айқайлап жіберуінен қорыққан сотталушы оны есеңгірету мақсатында пышақ сабының түбімен басының төбе және шүйде тұстарына қатты соққы жасаған", – делінген айыптау актісінде.

Айыптау актісінде жәбірленушіге бірнеше рет пышақ жарақаты салынғаны көрсетілген. Кейін айыпталушы қыздың денесін ауыл шетіне апаруға әрекет жасап, ақырында оны үйлер маңындағы топырақ жолда қалдырып кеткен деген нұсқа айтылды.

Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша, қыздың өлімі көп қан жоғалтудан болған.

Прокурор күдіктіге Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі – «адам өлтіру» бойынша айып тағылғанын мәлімдеді.

Ал марқұмның ата-анасы істің бұлай саралануымен келіспейді. Олар жарақаттардың сипатын ескере отырып, айыпталушының әрекеті Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі, яғни ауырлататын мән-жайларда адам өлтіру ретінде қаралуы керек деп есептейді.

Іс бойынша сот талқылауы жалғасып жатыр. Айыпталушының кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен анықталады.