Қазақстанда 2029 жылға дейін астықты терең өңдеу бағытында алты ірі жоба іске асырылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Вице-министрдің айтуынша, жоспарланған жобалардың жалпы қуаты 5,8 млн тонна астықты өңдеуге мүмкіндік береді. Аталған бастамалар ауыл шаруашылығы өнімдерін қосылған құны жоғары тауарларға айналдырып, экспорт көлемін арттыруға бағытталған.
Қазірдің өзінде жүгеріні өңдеу бойынша екі жоба іске қосылған. Олар – Түркістан облысындағы «Қазкрахмал» ЖШС мен Жамбыл облысында орналасқан Fufeng Group кәсіпорны. Азат Сұлтановтың сөзінше, астық өңдеу саласындағы барлық жобаларға тартылатын инвестиция көлемі шамамен 4 млрд доллар.
Сонымен қатар елдегі қант өндірісін дамыту бағытында да жұмыстар жалғасып жатыр. Көксу және Тараз қант зауыттарын жаңғырту жұмыстары аяқталған. Жаңартылған кәсіпорындардың жалпы қуаты тәулігіне 3 мың тоннаға дейін шикізат өңдеуге жетеді.
Бұл жобаларға 22,4 млрд теңге инвестиция салынған. Кәсіпорындар шикізат қабылдауды биылғы қазан айында бастайды деп жоспарланып отыр. Министрлік өкілдерінің мәліметінше, мұндай жобалар агроөнеркәсіп кешеніндегі өңдеу үлесін арттырып, экспорттық әлеуетті күшейтуге мүмкіндік береді.