Биыл Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс аймақтарында жауын-шашын азайып, құрғақшылық ұзаққа созылған. Бұл туралы Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, 2026 жылғы вегетациялық кезең елдің солтүстігінен өзге астық өсіретін бірқатар өңір үшін күрделі болған. Республиканың басым бөлігінде құрғақшылықтың қарқыны мен ұзақтығы әркелкі байқалған.
«Құрғақшылықтың ең ұзақ кезеңдері елдің оңтүстігі, оңтүстік-шығысы мен оңтүстік-батысында тіркелді. Олардың қатарында Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Абай және Жетісу облыстары бар», – деді Әлібек Қуантыров.
Оның сөзінше, еліміздің көптеген аймағында мұндай ауа райы климаттық қалыпты құбылыс саналады. Соған қарамастан ұзаққа созылған қуаңшылық егіннің жетілуіне және ауыл шаруашылығы жұмыстарының барысына әсер етуі мүмкін.
Алдағы ауа райына қатысты болжамдар егін жинау науқаны мен өзге де дала жұмыстарын жоспарлау кезінде ескеріліп отыр. «Қазгидромет» қысқа мерзімді метеорологиялық болжамдарды аптасына екі рет Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Үкімет аппаратына жолдайды.