Петропавл тұрғыны алаяқтарға алданып, 19 миллион теңгесінен айырылды

Ақтоты Жапатова 26 мау. 2025 16:00

Петропавл тұрғыны 19 миллион теңгесін алаяқтарға аударып жіберген,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Жәбірленуші өзін «инвестициялық жобаға қатысушы» ретінде арнайы интернет-ресурста тіркеген. Ондағы жалған «жеке кабинетінде» күн сайын табысы доллармен өсіп жатқанын көріп, сенімі арта түседі. Полицейлердің айтуынша, бұл сандар – алаяқтардың адамдарды арбау үшін қолдан жасайтын иллюзиясы ғана.

Көп ұзамай Петропавл тұрғыны ірі көлемдегі қаражат аударуға бел буып, несие рәсімдеп, таныстарынан қарыз алады. Барлығы 19 миллион теңге көлемінде ақша аударған. Алайда ақшасын шешіп алуға тырысқан кезде алаяқтар байланысқа шықпай қойған.

ІІМ хабарлауынша, соңғы бес ай ішінде Солтүстік Қазақстан облысында осындай схема бойынша 27 адам киберқылмыстың құрбаны болған. Интернет пен әлеуметтік желілердегі «жеңіл табыс» туралы жарнамаларға сеніп, қаржысын жоғалтқан азаматтар саны көбейіп келеді.

Құқық қорғау органдары азаматтарды күмәнді инвестициялық жобалардан сақ болуға, бейтаныс адамдарға ақша аудармауға және «тез баю» уәделеріне сенбеуге шақырады.

«Ақшаны көбейту», «тез байып кету», «сенімді инвестиция» деген сөздермен ұсынылатын күмәнді схемалардан барынша аулақ болыңыз. Қаржылық шешім қабылдар алдында тексерілген дереккөздерге ғана сеніңіз», – делінген полицейлердің үндеуінде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар