Перзентханадан қарсы алып, үйлеріне жеткізеді: қызылордалық жігіттің әрекетіне көпшілік дән риза

Dalanews 14 жел. 2025 11:00

Қызылордалық Мағжан Налибаев соңғы уақытта перзентханадан шығатын, қарсы алатын ешкімі жоқ әйелдерге қайырымдылық жасап жүр. Ол оларды күтіп алып, жөргек пен гүл сыйлап, үйлеріне жеткізіп салады, деп хабарлайды Dalanews.kz

Zakon.kz жазған материалда қызыордалық жігіттің ел сүйсінер әрекеті баяндалады. Қазақстанда перзентханадан жалғызбасты аналарды қарсы алу үрдіске айнала бастады. Кейбір қалаларда бұл іспен әйелдер айналысса, Қызылордада бастаманы ер адам қолға алған.

«Мен мұндай тренд бар екенін естімедім. Менің еріктілерім де, қолдау көрсететін топ та жоқ. Мен – зауытта жұмыс істейтін қарапайым жұмысшымын. Бұл істі кездейсоқ бастадым. Бір күні досыммен бірге оның әйелін перзентханадан қарсы алуға бардық. Біз көп туыспен келдік, қолымызда гүлдер мен сыйлықтар болды, аниматорлар да шақырттық. Барлығы қуанышты, сәбиді тағатсыздана күтіп тұрды. Сол сәтте бөлімшеден көз жасына ерік берген әйелдердің шығып келе жатқанын көрдім. Олар салтанатты қарсы алуларды көрмес үшін балаларын құшақтап, асығыс өтіп жатты. Сол кезде бұл әйелдердің күйеуі жоқ екенін, тіпті туыстары да келмейтінін түсіндім», – дейді Мағжан Налибаев.

Оның айтуынша, бұл көрініс жүрегіне қатты әсер еткен. Ол баласынан, оны дүниеге әкелген әйелден бас тартуға қалайша болатынын, сондай маңызды күні сәбиді қарсы алмауды түсіне алмаған. Осы ойлардан кейін TikTok желісіне видео жазған:

«Қымбатты қызылордалық қыз-келіншектер, жалғызбасты аналар. Егер сіз перзентханадан шығар кезде жаныңызда ешкім болмаса, көңіліңіз жабырқап, өзіңізді жалғыз сезінбеуіңіз үшін мен сізді қарсы алуға дайынмын».

Осыдан кейін оған қоңыраулар мен өтініштер түсе бастаған: біреулерге перзентханаға жөргек керек болса, енді біреулерге – жаңа туған сәбиге арналған киімдер қажет болған. Кейбірі алдын ала хабарласып, шығу күнін келісіп отырған. Сөйтіп, елімізде жалғызбасты аналардың аз емес екені белгілі болған.

«Әйелдің жалғызбасты ана атануына қандай себеп болғанын білмеймін. Бірақ қалай болғанда да, ер адам дүниеге келген бала үшін де, жүктілік пен босануды бастан өткерген әйел үшін де жауапкершілік көтеруі тиіс деп есептеймін. Жаңа туған нәресте ересектерге толықтай тәуелді: оның қауіпсіздігі, денсаулығы, эмоциялық дамуы ата-анасының қаншалықты сенімді тірек бола алуына байланысты. Сондай әкелердің жүрегі селт етпей ме? Ол баланың және анасының болашағы қалай болады? Олар неге мұқтаж?» – дейді Мағжан Налибаев.

Қазіргі таңда Мағжан бірнеше әйелге көмектескен. Оған бейжай қарамайтын қызылордалықтар хабарласып, өз үлестерін қосқысы келетіндерін айтуда: телефон нөмірлерін қалдырып, музыкалық сүйемелдеу, көлік, тіпті бала күтіміне көмектесуді де ұсынған. Алдағы уақытта оның көмекшілері пайда болып, перзентханадан жалғызбасты аналарды қарсы алатын үлкен еріктілер тобы құрылуы мүмкін.

Мағжанның өзі әлі үйленбеген, бірақ болашақ жарым мұндай жағдайға ешқашан тап болмайды деп сенімді. Өйткені ол ер адамның жауапкершілігі – жетілгендік, адалдық пен махаббаттың көрінісі екенін жақсы түсінеді. Бұл – баланың болашағына, ананың амандығына және адамның өз дамуына қосылған үлес.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар