Абай облысы Ақсуат ауданында 7 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді

Ақтоты Жапатова 14 жел. 2025 16:09

Халықтың басты байлығы – денсаулық. Осы орайда қолжетімді әрі сапалы медициналық көмекті дамыту мемлекет үшін маңызды басымдықтардың бірі. Бұл бағытта Ақсуат ауданында жүйелі әрі нәтижелі жұмыстар атқарылуда, деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында аудан аумағында бірқатар жаңа медициналық нысандар пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Үштөбе және Екпін ауылдарында дәрігерлік емханалар, Кіндікті ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт, сондай-ақ Қызылжұлдыз, Көктүбек, Сұлутал, Айнабастау елді мекендерінде медициналық пункттер салынды. Аталған нысандар 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында ел игілігіне тапсырылды.

Жаңа медициналық мекемелер заманауи талаптарға сай соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен толықтай қамтылды. Мәселен, Үштөбе ауылындағы дәрігерлік емханаға диагностикалық, емдік және физиотерапиялық бағыттағы озық медициналық құрылғылар орнатылды. Олардың қатарында дефибриллятор-монитор, инфузиялық және шприцтік насостар, феталдық монитор, бейнеқольпоскоп, физиотерапиялық аппараттар, компьютерлік спирометр, небулайзер, бактерицидтік сәулелендіргіштер, функционалды медициналық керуеттер, зертханалық және реабилитациялық құралдар, сондай-ақ цифрлық және компьютерлік техника бар.

Нысандардың ашылу салтанатына аудан басшылығы, медицина саласының қызметкерлері және ауыл тұрғындары қатысты. Жиын барысында тұрғындар көптен күткен әлеуметтік нысандардың іске қосылуы алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, ауыл медицинасын жаңа сапалық деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сонымен қатар, жалпы саны 9 медициналық нысанның ішінде тағы 2 медициналық пункт 16 желтоқсаннан кейін кезең-кезеңімен пайдалануға берілетін болады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар