Жамбыл облысында 1,6 млрд теңгеге салынған үйлер бүліне бастады

Қаракөз Амантай 10 жел. 2025 17:21

Жамбыл облысының Сарыкемер ауылында халық қаражатына салынған жаңа көппәтерлі үйлердің сапасына тұрғындар наразы. Биыл ақпан айында ауылда 120 пәтерлі екі үй пайдалануға берілген. Алайда бір жылдың ішінде үйлерде ақаулар пайда болған, деп хабарлайды Dalanews.kzЖетінші арнаға” сілтеме жасап.

Жаңа үйлердің қабырғаларында жарықтар пайда болып, әрлеу жұмыстары сырғып түсіп жатыр. Орталық жылу жүйесі тұрақсыз жұмыс істейді. Пәтерлер суық. Тұрғындар мәселелердің негізгі себебі үйлердің қыста салынып, толық құрғатылмауында деп санайды.

Сонымен қатар көппәтерлі үйлерге орталық канализация салынбаған. Оның орнына орнатылған септиктер үнемі толып, жағымсыз иіс шығарады.

Әкімдік өкілдері тұрғындарға барлық кемшілік мердігер компания тарапынан кепілдік бойынша түзетілуін айтты.

“Аудандық канализацияны жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Егер ол биыл аяқталса, қаржыландыру келесі жылы жүргізіліп, үйлер орталық желіге қосылады. Ал қазіргі уақытта септиктерді тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр”, – деді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Дүренбек Мадишов.

Тұрғындар мен билік арасында туындаған жағдай тұрғын үйлерді салудағы техникалық қадағалаудың маңыздылығын тағы бір рет көрсетіп отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар