Синоптиктер 13 желтоқсан күні Алматы қаласында ауа сапасының нашарлайтынын ескертті. Қолайсыз метеорологиялық жағдайларға байланысты қала тұрғындарына демалыс күнін таза ауада ұзақ өткізуден бас тарту ұсынылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Қазгидромет» таратқан мәліметке сәйкес, 2025 жылдың 13 желтоқсанында мегаполисте ауаның ластануына әкелетін қолайсыз метеорологиялық жағдайлар қалыптасуы мүмкін.
Мамандардың түсіндіруінше, мұндай жағдайлар желдің болмауы немесе әлсіз соғуы, тұман мен температуралық инверсия салдарынан атмосфераның төменгі қабатында зиянды заттардың шоғырлануымен сипатталады. Алматының географиялық ерекшелігі мен қыс мезгіліндегі жылу көздерінен бөлінетін түтін бұл құбылыстың жиі қайталануына әсер етеді.
Осыған байланысты синоптиктер тұрғындарға, әсіресе созылмалы тыныс алу, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар азаматтарға сақтық шараларын күшейтуге кеңес берді. Атап айтқанда, далада болу уақытын барынша қысқартып, көлік қозғалысы көп аймақтардан аулақ жүрген жөн. Сонымен қатар, денсаулығында кінәраты бар адамдарға қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүру ұсынылады.
