“25 бала ата-аналарымен қауышты”. Белгілі заңгер Шекеев қуанышты жаңалықты бөлісті

Қаракөз Амантай 13 жел. 2025 12:45

Белгілі заңгер Мейірман Шекеев әлеуметтік желідегі парақшасында қуанышты хабарды жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Заңгердің сөзінше, Ресей арқылы Украинаға кетпек болған 25 бала туған жеріне оралып, ата-аналарымен қауышқан.

“Қаншама ұйқысыз өткен ата-аналардың сөнген үмітін тынымсыз еңбектің арқасында қайта жағып, қуаныштарын көру мен үшін ең үлкен бақыт! Ата-ананың алғысынан асқан марапат жоқ. Арнайы Талдықорғаннан және жан-жақтан келген ата-аналардың алғыс білдіруі – біз үшін ең үлкен құрмет. Туысымдай болып кеткен бұл ата-аналардың дастарханы бұдан былай тек жақсылыққа жайылсын деп тілейік. Әрбір ана тек қуанышқа жыласын", – деп жазды ол.

Еске салайық, бұған дейін Ресей мен Украина арасындағы қақтығыста тек екі елдің емес, үшінші мемлекеттердің де азаматтары жүргені туралы жазған едік. 

Соғыста қанша қазақстандық жүр? 

Ресми деректер бойынша, 2022 жылдан бастап Украинада жүріп жатқан соғысқа қатысқаны үшін 30-дан астам Қазақстан азаматы анықталған. Бұл — нақты тіркелгендер ғана. Сарапшылар бұл сан одан әлдеқайда жоғары болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

ҚР Бас прокуратурасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің деректері бойынша, қазақстандықтардың басым бөлігі Ресей тарапында жалдамалы немесе ерікті ретінде соғысқа қатысуда. Алайда Украина жағында жүргендер де кездеседі. Мәселен, 2023 жылы Украина Қарулы күштері жағында ерікті ретінде соғысқан бір қазақстандықтың елге оралып, жауапқа тартылғаны белгілі болды.

Сонымен қатар, "Өмір сүргім келеді" жобасы Ресей әскерінің қатарында Украинадағы соғысқа қатысып жүрген қазақстандықтардың тізімін жариялаған еді. Жоба мәліметінше, соғысқа 600-ден астам қазақстандық аттанған. Тізімде 264 адамның аты-жөні көрсетілген, олардың арасында қазақ азаматтары да бар.

Заң не дейді?

Қазақстан заңнамасы бойынша, шет мемлекеттердің аумағындағы қарулы қақтығыстарға қатысу қылмыстық жауапкершілікке жатады. Бұл ҚР Қылмыстық кодексінің 172-бабы бойынша реттеледі:

- 172-бап, 1-бөлік: Шет мемлекет аумағында жалдамалы ретінде соғысқа қатысқандар — 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
- Егер бұл іс ұйымдасқан топ құрамында немесе бірнеше рет жасалса — 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.

2023 жылы Қырғызстанда бірнеше азамат жалдамалылар қатарына қосылғаны үшін сотталған. Қазақстанда да осыған ұқсас жағдайлар тіркеліп отыр: кем дегенде 8 адам жауапқа тартылған. Олар Украинадағы соғыс аймағынан елге оралған сәтте ұсталған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар