Жоғарғы сот "Біз біргеміз" қайырымдылық қоры арқылы анасымен бірге ірі көлемде қаражат жымқырды деген күдікке ілінген Перизат Қайратқа қатысты сот отырысын онлайн көрсету мәселесі сұраныс болған жағдайда қарастырылуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Ведомствоның ресми жауабында атап өтілгендей, қазіргі таңда Перизат Қайратқа қатысты қылмыстық іс сотқа түспеген. Алайда іс сот қарауына берілген жағдайда және қоғам тарапынан, соның ішінде заңгерлер мен құқық қорғаушылар тарапынан тікелей эфирде көрсетуді сұраған өтініштер түссе, бұл мәселе талқыланатыны айтылған.
Еске салайық, бұған дейін Қаржылық мониторингі агенттігі Перизат Қайрат пен оның анасы Гайни Алашбаеваға қатысты алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады.
2025 жылғы 19 наурызда тараптар 109 томнан тұратын қылмыстық іс материалдарымен танысуға кірісті.
Бұған дейін хабарланғандай, залал сомасы 3,5 млрд теңгені құрады.
Ұрланған қаражатқа сатып алынған 865 млн теңге көлеміндегі мүлікке тыйым салынды.
Қылмыстық іс айыптау актісін бекіту және сотқа жолдау үшін Бас прокуратураға берілді.