Бүгін елордадағы сотта Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты апелляциялық шағым қарала бастады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Адвокаттың айтуынша, бұл қылмыстық емес, азаматтық іс, өйткені қаражат ерікті түрде аударылған. Сол себепті қайырымдылық жасағандар жәбірленуші болып есептелмеуі тиіс – ақша аударылғаннан кейін қордың меншігіне өткен.
Сонымен қатар, ол Перизат Қайраттың анасына қатысты бірде-бір нақты айып тағылмағанын, алайда соған қарамастан кінәлі деп көрсетілгенін айтты. Оның сөзінше, “BIZ BIRGEMIZ” қорының шотынан анасының шотына тікелей ақша аударымдары жасалмаған, бұл оның кінәсіздігін дәлелдейді.
Перизат Қайратқа қатысты іс
Еске салайық, биыл 25 шілдеде Астана қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта Перизат Қайрат пен анасына қатысты сот үкімі шықты.
Сот үкімімен Перизат Қайрат 10 жылға сотталды. Анасы Ғайни Алашбаева 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы, 218-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы және 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын.
Прокурорлардың мәліметінше, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Перизат Қайрат пен оның анасы 3,5 млрд теңгені қолма-қол шешіп алған.