Сенат отырысында баяндама жасаған мәжіліс депутаты Азат Перуашев "заң жобасындағы негізгі жаңалық" құқықтық ортаға "оппозиция" ұғымының енгізілуі екенін атап өтті.
"Заң жобасында "парламенттік оппозиция" ұғымына берілген анықтамада бұл партиялар, әдетте, билік партиясынан бөлек өзгеше саясат жүргізуге міндетті деген тезис енгізілген.
Яғни, біз "оппозициямын" деушілерді парламентте үнсіз жүрмей, белсенді жұмыс жүргізуге, қоғам үшін шын атсалысып, маңызды проблемаларды көтеруге, биліктің саясатына жаңа көзқарасы болып, бөлек ұсыныстарды беруге арнайы итермелеп отырмыз.
Осындай партияларға, "парламенттік оппозиция" атағымен шектелмей, сол ұғымды мәртебесі мен құқықтық кепілдіктерімен толықтыруды ұсынып отырмыз" деді Азат Перуашев.
Заң жобасы авторларының айтуынша, құжатта оппозиция үшін "бірқатар құқықтық артықшылықтар қарастырылған". Мысалы, әрбір сессия кезінде парламенттік тыңдау мен үкімет сағаттарын бекіту, үкіметтің заң жобасына балама заң жобасын ұсыну, парламенттің кез-келген іс-шарасына, мәжіліс пен сенаттың бірлескен отырысында сөз сөйлеу құқығына ие.
Парламент депутаттарының бастамасымен жасалған "Қазақстан парламенті мен оның депутаттарының оның мәртебесі туралы конституциялық заңға толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы биыл 13 ақпанда үкімет қарауына ұсынылған. Наурыздың 18-інде парламент мәжілісінің қарауына түскен.
2019 жылы маусымда жаппай қарсылықпен және мыңдаған адамның қамауға алынуымен өткен президент сайлауында жеңді деп есептелген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрып, саяси реформаларға бастайтын заңдар қабылдауға шақыратынын мәлімдеген.
Жақында Тоқаев құқық қорғаушылар мен қоғам белсенділері "көз алдау" деп бағалап, қатаң сынға алған "Бейбіт жиындар туралы", "Саяси партиялар туралы", "Сайлау туралы" заңға қол қойған.