Павлодарда жаңа оқу жылында барлық мектепте қазақ сыныптары ашылады

Павлодарда жаңа оқу жылында барлық мектепте қазақ сыныптары ашылады
Биылғы оқу жылында Павлодар қаласындағы барлық мектепте қазақ сыныбы ашылады. Бұл өз кезегінде аралас мектептің санын көбейтеді деп хабарлайды Dalanews.kz pavlodarnews.kz-ке сілтеп.

Павлодар қаласы білім беру бөлімі басшысының орынбасары Қуаныш Қыдыралинның айтуынша, бүгінгі күні қалада қазақ сыныптары жоқ 4 мектеп бар.

- Бұл - № 23, 16, 34 және 13 жалпы орта білім беру мектептері, - дейді Қуаныш Қыдыралин. - Жаңа оқу жылынан бастап осы мектептерде қазақ сыныптары ашылады. Бұл мақсатқа қосымша бастауыш сынып мұғалімдері жұмысқа қабылданады. Осы орайда, ата-аналар балаларын қазақ тілінде оқытуға ниет білдірсе екен деген сұранысымыз бар.

Себебі, көптеген ата-аналар өзіміздің тіліміз шорқақтау, баланы оқытуға қиын болады деген түрлі сылтаулармен балаларын орыс сыныптарына береді. Ашығын айтқанда, ата-аналар тарапынан жоғары деңгейде сұраныс бар деп айта алмаймыз.


Бөлім басшысының орынбасары қазақ сыныптары ашылатын мектептерде үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Облыс орталығында барлығы 43 жалпы орта білім беру мектебі бар. Оның ішінде біреуі - жеке меншік, 31-і - аралас, сегізі - қазақ және төртеуі - орыс тілінде білім береді.

Еске сала кетейік, биыл Павлодарда балаларды 1-сыныпқа тек онлайн қабылдайды. Қала мектептеріне болашақ бірінші сынып оқушыларын қабылдау 1 маусымнан 30 тамызға дейін жүргізіледі.