Пентагон Ресейдің 33 жоғары оқу орны мен ғылыми мекемесін қауіп төндіретін ұйымдар тізіміне енгізді

Пентагон Ресейдің 33 жоғары оқу орны мен ғылыми мекемесін қауіп төндіретін ұйымдар тізіміне енгізді
sb.by

АҚШ Қорғаныс министрлігі (Пентагон) Ресейдің 33 жоғары оқу орны мен ғылыми-зерттеу мекемесін ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін ұйымдар тізіміне қосты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жаңартылған тізімге Ресей, Қытай және Ирандағы жалпы саны 130 ғылыми, білім беру және ғылыми-өндірістік ұйым енгізілген. Бұл тізімге енген мекемелермен бірлесіп жүргізілетін зерттеулерді АҚШ Қорғаныс министрлігі енді қаржыландырмайды.

Тізімге енген ресейлік ұйымдардың қатарында М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Жоғары экономика мектебі, Н.Э. Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті, Мәскеу авиация институты, Мәскеу физика-техника институты, «Курчатов институты» ұлттық зерттеу орталығы, «Сколково» ғылым және технологиялар институты, Томск политехникалық университеті, Орал федералдық университеті және басқа да ғылыми мекемелер бар.

Пентагонның мәлімдеуінше, аталған ұйымдардың қызметі АҚШ үкіметі қаржыландыратын ғылыми зерттеулер мен әзірлемелердің заңсыз пайдаланылуына ықпал етуі мүмкін.

«Мұндай заңсыз пайдалану АҚШ-қа қарсы әрекет ететін үкіметтердің араласуына жағдай жасап, ұлттық қауіпсіздікке және ғылыми адалдық қағидаттарына тікелей қауіп төндіреді. Осыған байланысты америкалық зерттеушілерге, академиялық мекемелерге және өнеркәсіптік серіктестерге бұл тізімге енгізілген ұйымдармен ынтымақтастық орнату, оларды қаржыландыру немесе дерек алмасу мәселелерінде барынша сақ болуға кеңес береміз», – делінген Пентагон хабарламасында.