Көпбалалы отбасыларға арналған үйдің тұсаукесері Астана, 58 мекенжайы бойынша өткізілді. Қазақстан халқының бірлігі күні мұнда бірден жаңа 102 жалдамалы пәтер пайдалануға берілді.
Олардың 70 көпбалалы отбасыларға үйлестірілді. Баспаналы болған жанұяларды Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов құттықтады.
- Халқымыздың бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын, - деді Болат Бақауов. - Баспанаға зәру адамдарға пәтер беру шешімі, бірінші кезекте, балалар үшін, олардың жайлы жерде өсіп-өнуі үшін қабылданды. Мереке құтты болсын, жаңа пәтерлеріңіз шаттыққа толсын.
Көпбалалы отбасыларды қолдау тұрғын үй құрылысымен шектелмейді.
Жақын арада әрбір отбасын жұмыспен қамту, мектеп пен балалар бақшаларымен қамтамасыз ету мәселесі қарастырылуда.
- Мемлекет бізге осындай көмек бергеніне үлкен рахмет, - деп алғысын білдірді көпбалалы ана Елена Хайруллина.
- Балаларымызбен бірге кең үйде тұруға мүмкіндік алдық.
Жаңа үйде қоныс тойын тойлағандар ішінде төрт балалы Алмагүл Бишімбаева да бар. Көпбалалы ана осы сәтті 11 жыл күткенін айтады.
- Көпбалалы отбасыларына жәрдем ұсынған Елбасыға алғысымыз шексіз, - дейді Алмагүл Бишімбаева. - Балаларымызға пәтер қатты ұнады. Барлық халықты мерекемен құттықтап, зор денсаулық пен бақыт тілеймін!
Айта кетейік, бүгін Екібастұзда тұратын тағы екі отбасы пәтер кілттеріне ие болса, Ақтоғай, Май және Железин аудандарында төрт көпбалалы отбасы баспаналы болды.
Дереккөз: pavlodarnews.kz