Базалық мөлшерлеме төмендеді. Енді несиені қайта қаржыландырған тиімді ме?

Базалық мөлшерлеме төмендеді. Енді несиені қайта қаржыландырған тиімді ме?
ЖИ: Dalanews.kz

Қыркүйекте базалық мөлшерлеме 16,75%-дан 16,25%-ға дейін төмендеді. Осыған байланысты «банктер үшін ақша тарту арзандаса, бұрынғы несиені жабу үшін жаңа несие алған дұрыс па?» деген сұрақ туындайды. Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Венера Жаналинаның пікірінше, мұндай шешім қабылдауға асықпаған жөн. Ұлттық банк бұған дейін инфляцияның қайта үдеу қаупі әлі де сақталып отырғандықтан, базалық мөлшерлемені одан әрі төмендетуге мүмкіндік шектеулі екенін айтқан, деп хабарлайды dalanews.kz.

«Егер инфляция төмендеуін жалғастырып, соның нәтижесінде ақша-кредит саясатын одан әрі жұмсартуға мүмкіндік туса, 2027 жылы несиені тиімді шарттармен қайта қаржыландыруға жағдай жасалуы мүмкін. Алайда қазір мұны нақты болжау мүмкін емес», – дейді Венера Жаналина.

Оның айтуынша, басқа банктің ұсынысы несиенің жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (ЖТСМ) және қалған төлемдердің жалпы сомасын едәуір азайтқан жағдайда ғана несиені қайта қаржыландыру тиімді болады.

Ескі және жаңа несиенің пайыздық мөлшерлемелері арасындағы айырмашылық небәрі бірнеше ондық пайызды немесе бір пайыздық тармақты құраса, одан түсетін пайда мардымсыз болуы мүмкін. Ал несиелердің құны арасындағы айырмашылық неғұрлым үлкен әрі қарызды өтеу мерзімі неғұрлым ұзақ болса, үнемдеу мүмкіндігі де соғұрлым жоғары болады.

«Қазір барлық қарыз алушыға несиесін жаппай қайта қаржыландыру қажет деп айта алмаймын. Ең дұрысы – банктердің ұсыныстарын мезгіл-мезгіл салыстырып отыру. Бұл ретте базалық мөлшерлеменің кезекті төмендеуіне ғана емес, жаңа тұтынушылық несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелердің нақты қаншалықты азайғанына назар аудару керек. Өйткені қазір базалық мөлшерлеме мен халыққа берілетін бөлшек несиелердің мөлшерлемесі бірдей қарқынмен төмендеп жатқан жоқ. Мамырдан тамызға дейін базалық мөлшерлеме 18%-дан 16,75%-ға дейін, яғни 1,25 пайыздық тармаққа төмендеді. Ал халыққа берілетін несиелердің мөлшерлемесі 21,4%-дан 20,6%-ға дейін ғана азайды. Бұл – 0,8 пайыздық тармақ. Оның үстіне маусымда күрт төмендегеннен кейін халыққа берілетін несиелердің мөлшерлемесі қайта өсе бастады: 19,5%-дан 20,3%-ға, кейін 20,6%-ға дейін көтерілді», – дейді сарапшы.

Қаржыгердің айтуынша, базалық мөлшерлеменің төмендеуі халыққа берілетін несиелердің де айтарлықтай арзандауына әзірге әсер етпеуінің бір себебі – қарызды қайтармау тәуекелінің сақталуы. Банк үшін несие мөлшерлемесі ақша тарту құнына ғана байланысты емес. Оған қарыз алушының берешегін уақытында өтей алмау ықтималдығы үшін қосылатын тәуекел үстемесі де кіреді.

«2026 жылы халыққа берілген несиелер портфелінің сапасы біршама нашарлады. Жыл басында 90 күннен астам мерзімі өткен халық несиелерінің үлесі 4,3% болған. Мұндай қарыздардың жалпы сомасы 1,072 трлн теңгені құрады. Ал 1 шілдеге қарай олардың үлесі 4,8%-ға, көлемі шамамен 1,2 трлн теңгеге жетті. Мамырда 90 күннен астам мерзімі өткен проблемалық несиелердің (NPL90+) үлесі 4,9%-ға дейін өсті. Бұған қоса, бірінші жартыжылдықта төлем мерзімі 30 күнге дейін кешіктірілген несиелер де көбейді. Бұл – несие портфелінің сапасы нашарлауы мүмкін екенін алдын ала көрсететін маңызды белгі.

Соңғы айларда жағдай біршама жақсарды. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша халық несиелері арасындағы 90 күннен астам мерзімі өткен берешектің үлесі 4,6%-ға дейін төмендеді. Дегенмен ақшалай есептегенде проблемалық берешек әлі де шамамен 1,2 трлн теңгені құрайды. Бұл жыл басындағы көрсеткіштен жоғары», – деп түсіндірді Венера Жаналина.

Базалық мөлшерлеменің төмендеуі қарыз алушыға ұсынылатын несие мөлшерлемесінің де дәл сондай деңгейде арзандауына үнемі алып келе бермейді. Сарапшының түсіндіруінше, егер белгілі бір санаттағы қарыз алушылардың несиені қайтара алмау ықтималдығы жоғары деп бағаланса, банк жаңа несиенің мөлшерлемесіне қосымша тәуекел үстемесін қосады.

Бұл әсіресе кепілсіз тұтынушылық несиелерге қатысты. Қарыз алушы төлем жасауды тоқтатса, банк шығынының бір бөлігін өтеуге мүмкіндік беретін кепіл мүлкі болмайды. Сондықтан мұндай несиелер бойынша мөлшерлемелер несие тәуекеліне көбірек тәуелді.

Венера Жаналина базалық мөлшерлеменің төмендеуі халыққа берілетін несиелердің арзандауына әзірге айтарлықтай әсер етпеуін осы жағдаймен байланыстырады.

«Бұдан былай несиелердің арзандауы Ұлттық банктің шешімдеріне ғана байланысты болмайды. Инфляцияның төмендеуі, банктердің ақша тарту құны және несие тәуекелдерінің азаюы да маңызды рөл атқарады. Егер несие портфелінің сапасы тұрақтанып, төлемді кешіктірудің алғашқы белгілері тұрақты түрде азая бастаса, банктер тәуекел үстемесін төмендетуге көбірек мүмкіндік алады. Соның нәтижесінде қарыз алушыларға ұсынылатын несие мөлшерлемелері де төмендеуі мүмкін», – дейді қаржыгер.