Париж Олимпиадасына баруым өте кеш қарастырылды - Данияр Елеусінов

Сағыныш Сардарова 11 қар. 2024 12:35 2537

Рио Олимпиадасының жеңімпазы, кәсіпқой бокс шебері Данияр Елеусінов елдегі спорттың жай-күйіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ұлттық Олимпиада комитетін ұзақ уақыт бойы Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев басқарғаны белгілі. Данияр Елеусінов Қазақстанда спорт саласын олигархтар басқаруына қатысты көзқарасын айтты.

"Мен өнер көрсеткен кезеңде Тимур Асқарұлы, Данияр Абылғазиндер болды. Олардың Ұлттық Олимпиада комитетінде де, IBA-да да, басқа халықаралық олимпиада комитетінде де өздерінің беделі болды. Себебі біз алтынсыз келмейтінбіз. Лондонда, Риода бір алтыннан болса да, тұрақты түрде күмісі бар, қоласы бар алып келетінбіз. Ол кезде спортшылар да талапқа сай болуы мүмкін. Серік те (Сәпиев) мықты болды.

...Ол кісілердің (Құлыбаев, Абылғазиндердің - еск.) елге пайдасы болды. Бекет Махмутовтың істегенін ешкім қайталаған жоқ. Тимур Асқарұлының кезінде де баркер алынды. Келіссөз жүргізу де өте маңызды деп ойлаймын. Екінші жағынан жұлқынып тұрған спортшы да болуы керек. Бір-бірінсіз жұмыс жасамайды", - деді спортшы Ulysmedia-ға.

Данияр Елеусінов "дін манипуляция болып кеткен жоқ па?" деген сауалға жауап берді. Өйткені кейінгі кезде діннің спортқа ықпалы қоғамда жиі сөз болады.

"Қазір қоғам үшке бөлініп жатыр. Бір жағынан дінді ұстанатындар бар. Тәңіршілдікті қозғайтындар бар. Батыстың ықпалына түсіп жатқан қоғам бар. Америкада болдым, бірінші кезекте ешкім дініне тиіспейді. Бизнесіңді жаса, дами бер, салығыңды төлесең болды. Бізде дінмен алысып жатады. Діннен ешқандай жамандық келіп жатқан жоқ сияқты. Бұрын бір толқын болған шығар. Ол - дұрыс емес ағымдардың араласып кеткен кездері. Ол ағымдар дұрыс емес деп те айтуға болмайды, ол ағымдарды дұрыс түсінбеген адамдардың істеген әрекеттерінен де болуы мүмкін. Ол жағы бар шығар (дін манипуляция болып кетті - еск.). Мен көп біле бермеймін, өзім ізденіп жүрген адаммын. Исламның өзі нашар деген сөз емес, оны адамдар істеп жатыр", - деді ол Ulysmedia-ға берген сұхбатында.

Кәсіпқой бокс шебері Париж Олимпиадасына қатысты да пікір білдірді.

"Париж Олимпиадасында баруым өте кеш қарастырылды. Тығыз уақыт қалған кезде бір-екі ағамыздың қалауымен, сол кездегі министрлікті басқарған кісілердің ұсынысымен (қарастырылды - еск.). Бірақ 9-10 күндей қалған. Ол кезде дайындалып үлгермеймін. Жарыстарға шығуым керек, әлемдік аренадағы төрешілерге қайтадан беделімді көрсетуім керек деп ойладым. Оған уақыт жоқ. Бірінші бір кезең жүріп, жарыстарына қатысуың керек. Өз ойым, жеке пікірім. ...Өз-өзіме сенімдімін, төрешілерге сенімді болмадым. Бермей қоя салуы жеңіл. Мен оған дейінгі Олимпиадада алтынымды бүкіл кезең бойы ақтадым.

Боксшылар Олимпиада алтын алмағаннан кейін іштей өкіндім. Бокстың қадірі түсіп бара жатса, бәрімізге тиеді. Бокс трендтен кетіп бара жатқаны бәрімізге ыңғайлы емес", - деді Елеусінов Ulysmedia-ға берген сұхбатында.

Айта кетейік, Данияр Елеусінов - қазақстандық кәсіпқой боксшы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері.

2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиаданың чемпионы. 2013 жылғы әуесқойлар арасындағы әлем чемпионы, 2010 және 2014 жылғы Азия ойындарының екі дүркін чемпионы, 2013 және 2015 жылғы екі дүркін Азия чемпионы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар