Қазақстанда биыл жылдың алғашқы бес айында парақорлыққа қатысты 427 қылмыстық іс тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7%-ға көп, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мәліметтерді ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректеріне сүйенген сарапшылар жариялады.
Астана антирейтингтің басында
2026 жылдың қаңтар-мамыр айларында пара алу, пара беру және парақорлыққа делдал болу баптары бойынша ең көп қылмыстық іс Астанада тіркелген. Елордада бес ай ішінде 56 іс қозғалған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21,7%-ға көп.
Антирейтингте екінші орынға Қостанай облысы шықты. Өңірде парақорлыққа қатысты істер саны 3,5 есеге өсіп, 38-ге жеткен. Үздік үштікті Алматы қаласы түйіндеді. Мұнда 32 қылмыстық іс тіркеліп, көрсеткіш бір жылда 14,3%-ға артқан. Ал ең төмен көрсеткіш Абай облысында байқалды – небәрі бір іс. Ақмола облысында екі, Батыс Қазақстан облысында жеті іс тіркелген.
Қай өңірлерде өсім жоғары болды?
Парақорлық бойынша ең жоғары өсім Алматы облысында тіркелді. Мұнда қылмыстық істер саны бір жылда төрт есеге артқан. Сондай-ақ Қызылорда облысында өсім 66,7%-ды, Жамбыл облысында 61,1%. Керісінше, бірқатар өңірде көрсеткіш төмендеген. Солтүстік Қазақстан облысында парақорлық фактілері 2,1 есе азайса, Павлодар облысында 2,4 есе, Батыс Қазақстан облысында 2,6 есе қысқарған.
Ең үлкен төмендеу Ақмола облысында байқалған – мұнда тіркелген істер саны 13 есе азайған.
Парақорлық – ең жиі кездесетін жемқорлық қылмысы
Сарапшылардың мәліметінше, пара алу, пара беру және парақорлыққа делдал болу фактілері барлық жемқорлық қылмыстарының 62,9%-ын құрайды. Биыл бес айда Қазақстанда жемқорлыққа қатысты жалпы 679 құқық бұзушылық тіркелсе, оның 427-сі дәл осы үш бапқа тиесілі. Сонымен қатар барлық жемқорлық қылмыстарының саны бір жылда 11,1%-ға азайғанымен, ең ауыр құқық бұзушылықтардың үлесі артып келеді. Мәселен, «Пара алу» бабы бойынша тіркелген істер саны 11,9%-ға өскен. Ал билікті немесе қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану фактілері 20%-ға, қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану жағдайлары 40%-ға көбейген.
Жемқорлық азайып жатыр ма?
Соңғы бес жылдағы статистика Қазақстанда тіркелетін жемқорлық қылмыстарының азайғанын көрсетеді. Егер 2020 жылы Бірыңғай сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізілімінде 2,2 мың жемқорлық қылмысы тіркелсе, 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 1,2 мыңға дейін төмендеген. Ең үлкен құлдырау 2023-2024 жылдары байқалған. Сол кезеңде тіркелген құқық бұзушылықтар саны 1,7 мыңнан 1 мыңға дейін қысқарған.
Алайда сарапшылар бұл жағдай елде жемқорлықтың азайғанын білдіре ме, әлде оны анықтау деңгейі төмендеді ме деген сұраққа нақты жауап беру қиын екенін айтады.
Залал көлемі күрт өскен
Жемқорлық қылмыстары азайғанымен, олардың мемлекетке келтірген материалдық шығыны бірнеше есе артқан. Пандемия кезеңінде парақорлықтан келген шығын 8 млрд теңгеден сәл ғана асса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 110,6 млрд теңгеге жеткен. Оның ішінде қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдаланған шенеуніктердің әрекетінен келген шығын 94,6 млрд теңгені құраған.
Биыл 537 адам күдікті деп танылды
2026 жылдың алғашқы бес айында жемқорлыққа қатысты істер бойынша 537 адам күдікті деп танылған. Олардың шамамен 60%-ы немесе 320 адам сотқа жіберілген.
Сарапшылардың айтуынша, күдікті мәртебесіндегі азаматтардың барлығы бірдей сот алдына бармайды. Кейбірінің кінәсі дәлелденбесе, кейбір істер келесі есептік кезеңге ауысуы мүмкін. Сонымен қатар тергеуден жасырынып жүрген күдіктілер де бар.
Пара алғандар қандай жаза алады?
Қазақстан заңнамасында жемқорлық үшін жаза шартты түрде соттаудан бастап 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін қарастырылған. 2025 жылғы сот тәжірибесі көрсеткендей, пара алғаны үшін сотталғандардың тек 30,9%-ы нақты түрме жазасын алған.
Ал пара бергендердің арасында бұл көрсеткіш 21% болған. Пара алу бабы бойынша бас бостандығынан айырылғандардың басым бөлігі бес жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге сотталған. Өткен жылы мұндай жаза 58 парақордың 27-сіне тағайындалған.
Сондай-ақ төрт шенеунік 10 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылған. Статистикаға сәйкес, 2025 жылы пара алды деген күдікпен 312 адам тіркелген. Оның 239-ы сотқа беріліп, нәтижесінде 188 адам кінәлі деп танылған. Соның ішінде 128 адамға айыппұл салынса, 58 адам нақты түрме жазасын алған.