Пара алу сәтінде ұсталған инспектор: заңгер тың деректі бөлісті

Қаракөз Амантай 21 қаң. 2026 13:54

Жақында Алматы облысы ҰҚК департаментіне қарасты Сыбайлас жемқорлыққа күрес қызметкерлері Іле аудандық полиция басқармасының ӘҚБ (ОАП) инспекторы, лейтенант Нұрғалім Әлімғожаевты пара алу сәтінде ұстағаны туралы ақпарат тарады. Белгілі заңгер Молдахан Әділетхан аталған жағдайға байланысты тың ақпаратты бөлісті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Заңгердің айтуынша, ол полиция қызметкерлері ұсталғанға дейін жол-көлік оқиғасына түскен азаматпен жеке сөйлескен. Сол кезде жәбірленуші басынан өткен жағдайды бүкпесіз баяндап берген. Бұл әңгіме бейнежазбаға да түсірілген.

Молдахан Әділетхан көрсеткен видеода жәбірленуші жол апатынан кейін көлігін айыптұрақтан алып кету үшін полиция бөліміне барғанын айтады. Алайда сол жерде инспекторлар тарапынан қомақты ақша талап етілген.

“Жемқорлыққа жол жоқ” деп ұрандатқанымен, іс жүзінде бәрі басқаша. Жол-көлік оқиғасына түскен жүргізуші көлігін айыптұрақтан алып кету үшін полиция бөліміне барғанда, одан тікелей 300 мың теңге талап етілген”, - дейді заңгер.

Видеода жәбірленуші көлігімен такси болып күн көріп жүргенін, апаттан кейін көлігінің жарамсыз болып қалғанын айтады. Оның үстіне айыппұл, эвакуация, айыптұрақ шығындары қосылып, содан соң пара талап етілген. Бұл оның жағдайын одан әрі қиындатқан.

“Мұнда ең маңыздысы - пара алу фактісі кейін емес, алдын ала айтылған. Яғни “жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды”. Бұл адам өтірік айтып отырған жоқ. Ол бәрі жария болмай тұрып-ақ шындықты ашық жеткізген”, - дейді заңгер.

Жәбірленушінің айтуынша, ақша сұрау бір инспектормен шектелмеген. Істі “реттейтін” тағы бір қызметкер араласып, “ақшаң болмаса, Kaspi аш, кредит ал” деген сөзге дейін барған. Бұл жайт жәбірленушіге  моральдық қысым болған.

Сонымен қатар ол тағы бір күмәнді жайтты алға тартты. Сөзінше, жол апатына байланысты хаттама оқиға орнында болмаған басқа инспектордың атына толтырылған.

“Түнгі уақытта басқа полиция қызметкері келіп, құжат рәсімдеген. Ал бастапқыда ақша сұраған инспектор ол кезде болмаған”,- деп қосты заңгер.

Заңгер жол апатының өзіне де назар аудару қажет екенін айтады. Оның айтуынша, апат болған жерде жол белгілері қойылмаған, қауіпті бұрылыс ескертілмеген.

“Мұндай жағдайда неге барлық жауапкершілік тек жүргізушіге артылады? Жол қауіпсіздігіне жауапты мемлекеттік органдар неге назардан тыс қалады?”, - дейді ол.

Заңгер бұл айтылғандардың барлығы полиция қызметкерлері пара алу кезінде ұсталғанға дейін болғанын ерекше атап өтті. Кейін дәл сол қызметкерлердің ұсталғаны жәбірленушінің сөзін растаған.

Заңгердің пікірінше, бұл жеке бір қызметкердің емес, жүйелі проблеманың көрінісі. Ол мұндай жағдайда тек орындаушылар емес, олардың тікелей басшылары да жауапкершілікке тартылуы тиіс екенін айтты.

“Мемлекет басшысы “егер қызметкер жемқорлықпен ұсталған болса, оның басшысы да жауап беруі керек” деген еді. Бұл - бірінші жағдай емес. Бірақ соған қарамастан, жауапты тұлғалар әлі де қызметінде отыр”, - деді заңгер.

Заңгер бұл оқиға құқық қорғау органдарындағы ішкі бақылау мен жауапкершілік мәселесін қайта көтеруі тиіс екенін атап өтті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove