Өзбек билігі Қарақалпақстандағы наразылықта қаза болғандар туралы мәлімет берді

Dalanews 04 шіл. 2022 09:11 836

Өзбекстан бас прокуратурасы Қарақалпақстан астанасы Нүкісте 1-2 шілдеде болған наразылықтан 18 адам қаза тауып, 243 адам жараланды дейді.

Қазір зардап шеккендердің ішінен 94 адам ауруханада жатыр, ауыр жараланғандар да бар. 149 адам алғашқы көмек алып, үйлеріне жіберілген.

Бұл деректерді 4 шілдеде Ұлттық гвардия мен Өзбекстан бас прокуратурасы брифингте мәлімдеді.

Бұған қоса, полиция 516 адамды ұстағаны да айтылды. Ұсталғандарға қатысты тергеу жүріп жатыр, кейбіріне әкімшілік жаза беріліп, қамаудан босатылды деді брифингте.

Ұлттық гвардияның баспасөз хатшысы Даврон Жұманазаров жараланған 243 адамның 38-і – орган қызметкері екенін айтты. Оның айтуынша, орган өкілдері арасында ауыр жараланғандар бар.

Ұлттық гвардия өкілі дүйсенбіден бастап Қарақалпақстанда барлық дүкен, базар, биржа, банк, ауруханалар мен әлеуметтік нысаналар жұмысын бастағанын; су, жарық, газ да тұрғындарға қалыпты режимде беріліп жатқанын жеткізді.

1 шілдеде Қарақалпақстанда жұрт Өзбекстан Конституциясындағы өзгерістерге қарсы жаппай наразылыққа шыққан. Ташкент Конституцияны өзгертіп, Қарақалпақстанды "егемен" статусынан және Өзбекстаннан бөліну құқығынан айырмақ болған.


2 шілдеде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Нүкіске барып, Конституциядағы Қарақалпақстанға қатысты баптар өзгермейтінін айтып, Қарақалпақстанда төтенше жағдай жариялады. Аймаққа Ұлттық гвардия күштері енгізіліп, ұялы телефон мен интернет жұмысы нашарлады. 3 шілдеде Мирзияев Қарақалпақстандағы наразылық кезінде адам шығыны болғанын мойындады.

Қарақалпақстан - Өзбекстан аумағының 40 пайызын алып жатқан республика. Мұнда екі миллионға жуық адам тұрады, олардың арасында қарақалпақтар, өзбектер және қазақтар бар. Қарақалпақстан республикасы 1925 жылы құрылып, 1930 жылға дейін Қазақ CCР құрамында болады. 1936 жылы Өзбек ССР құрамына қосылған.

1990 жылы 14 желтоқсанда Өзбек ССР құрамындағы Қарақалпақ автономды республикасының парламенті толық тәуелсіздік алу жөнінде декларация қабылдаған. Алайда 1993 жылы Өзбекстан мен Қарақалпақстан келісімге қол қойып, Қарақалпақстан 20 жыл Өзбекстан құрамында болады деп келіскен.

Келісімде Қарақалпақстан Өзбекстан құрамынан референдум арқылы шығу құқығы қарастырылған еді. 2013 жылы бұл келісімнің уақыты біткен, ал уәде қағаз күйінде қалды. Қазір Қарақалпақстанның тәуелсіздігі жайлы айтып жүрген "Алға, Қарқалпақстан" қозғалысының мүшелері Өзбекстандағы қысымнан соң шетелге кеткен.

Дереккөз: azattyq.org

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар