200-ден астам қазақстандық жәрдемақыдан өз еркімен бас тартқан

200-ден астам қазақстандық жәрдемақыдан өз еркімен бас тартқан

2025 жылдан бері Қазақстанда 944 мыңнан астам отбасының тұрмыс жағдайы жақсарған. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласын цифрлық трансформациялау мәселелері жөніндегі кеңесте айтылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл бастама Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласын цифрлық трансформациялау жөніндегі кеңесте таныстырылды.

Үкіметтің мәліметінше, әлеуметтік төлем алушыларға жіберілген SMS-хабарламалардан кейін 200-ден астам азамат мемлекеттік көмекке мұқтаж емес екенін айтып, жәрдемақыдан өз еркімен бас тартқан.

"Бүгінде SMS-хабарламалар жіберу нәтижесінде 200-ден астам азамат көмекке мұқтаж болмағандықтан, жәрдемақы алудан бас тартты. Осы бағытта Еңбек министрлігі eGov Mobile базасында жәрдемақыдан ерікті түрде бас тарту сервисін ұсынды. Оның көмегімен табысы жоғары азаматтар мемлекеттік органдарға бармай-ақ, әлеуметтік төлемнен онлайн бас тарта алады" – делінген Үкімет хабарламасында.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, кейінгі екі жылда 944 513 отбасының материалдық жағдайы жақсарған. 2025 жылы көмекке мұқтаждар қатарындағы 480 355 отбасы әл-ауқаты жоғары санатқа ауыстырылса, 2026 жылдың басынан бері тағы 464 158 отбасының тұрмыс деңгейі өскен.

Жоспарланған өзгеріс барлық әлеуметтік төлемді қамтымайды. Жаңа тәртіп табысы жоғары азаматтарға берілетін 36 төлемнің тек 14 түріне қатысты болады. Қалған 22 төлем бұрынғы талап бойынша тағайындала береді. Мемлекеттік қолдауға шын мәнінде мұқтаж қазақстандықтарға көмек толық көлемде көрсетіледі.

Олжас Бектенов реформаның негізгі мақсаты әлеуметтік шығындарды қысқарту емес екенін атап өтті.

"Қазақстан әлеуметтік мемлекет мәртебесін сақтайды. Қабылданып жатқан шаралар масылдыққа жол бермеуге және көмекті шын мәнінде қиын жағдайға тап болған азаматтарға бағыттауға тиіс", – деді Премьер-министр.