"Өз еркіңмен кет...". Ахметовтың сынынан кейін Өскемен әкімі орнын босатты

Dalanews 16 там. 2018 08:03 850

Қуат Тұмабаев өз еркімен, ресми түрде Өскемен әкімі қызметінен кетті.

– 13 тамызда Өскемен әкімі Тұмабаев қызметінен кететіні жайлы арыз жазды. Өскемен қаласы әкімінің қызметінен кетуі ҚР Президентінің 2002 жылдың 29 наурызындағы  №828 жарлыққа сәйкес келеді, – деп хабарлады ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ведомство мәліметінше, қала әкімінің орынбасары Булавкина Ольга Александровна ШҚО облыс орталығы әкімінің міндетін уақытша атқарады.

Мұның алдында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Өскемен әкімі Қуат Тұмабаевқа жұмыстан кетуді ұсынған болатын.

«Меніңше, Қуат Тұмабаевтың осындай жоғары лауазымда отыруға моральдық құқығы жоқ. Мен оған өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазуды ұсындым» деген еді Даниал Ахметов.

Бұған дейін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің этика жөніндегі кеңесі де Тұмабаевтың өз қызметіне толықтай сәйкес еместігін мәлімдеген болатын.
Естеріңізге сала кетейік, Риддер қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Құрманбаев мас күйінде көлік жүргізіп, 19 жастағы азаматты қағып өлтірген кезде Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаев қасында болған.

Әрі оның оқиға орнынан сол көлікке отырып қашып кеткені анықталды.

Қоғамда қызу пікірталас тудырған осы оқыс оқиғадан соң Бауыржан Құрманбаев жәбірленуші тараппен татуласып, соттың шешімімен 1 жылға шартты жазаға кесілді. Ал, бұл процеске тек куәгер ретінде қатысқан Қуат Тұмабаев сотталмаса да, ақыры қызметімен қош айтысты.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар