Отырарда бос жатқан жерлер игеріледі

Dalanews 05 мау. 2017 06:59 329

Елбасы «Ұлт Жоспары 100 нақты қадам» Жолдауында  ауыл шар­уашылығы жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айна­лымға енгізу, Жер кодек­сіне және басқа да заң актілеріне өзгерістер ен­гізу (35-қадам), сондай-ақ жер телімінің нысана­лы мақсатын өзгерту ресімдерін жеңілдету, ауыл шаруа­шылығы жерлерін пайдалануға тұрақты түрде мониторинг жүргізу, барлық пайдаланылмай жатқан жерді алдағы уақытта жекешелендіру үшін мемлекеттік қорға беру (36-қадам) мәселелеріне тоқталған болатын. Жақында өңірлік коммуникациялар қызметінде Елбасы Жолдауының жүзеге асыруына байланысты баспасөз мәслихатын өткізген Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов аудандағы бос жатқан жерлерді толықтай игеру жоспарда бар екенін хабарлады.

Отырарда биыл жоспар бойынша егістік көлемі 25 мың гектарға жетуі керек болған. Әйтсе де, қажетті түгендеу (инвентаризация) жұмыстарының нәтижесінде оның көлемі 28 гектарға ұлғайды. Оған қоса, осы жылы Сырдария мен Арыс өзендерінде су мол болғандықтан, «қызыл су» егіс алқаптары мен жайылымдық және шабындық жерлерге бұрылды. Мұнан бөлек, жаз айларында пайда болатын су тапшылығының алдын алу мақсатында Шыбықбелде жеті миллион куб, Көксарайда он миллион куб тіршілік нәрі жиналды. Енді жаз мезгілінде Маяқұм мен Көксарай ауылындағы екі мың гектарға   жуық егістік алқаптар осы тасқынсу есебінен суарылмақ. Осыған байланысты Сырдария мен Арыс өзендерінің арасындағы 368 шақырымдық дренаждық жүйе қалпына келтірілмек. Осылайша бос жатқан жерлерге диқандар егін егіп, аудан экономикасының өсуіне ықпал етпек.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар