Әзір Отырар ауданында 7 елді мекеннің тұрғындары ауызсуды тасып ішеді. «Сатып ішкен судың берекесі болмайды», – дейді ауыл тұрғындары. Айына екі рет 2 мың теңгеден төлеп, есік алдындағы құдықты толтырып алады. Тұрып қалған тіршілік нәрін тұтынудың өзі қиын.
– Әрине, таза су келсе, жүдә, жақсы болар еді, денсаулыққа пайдалы тасып ішкеннен. Жердің астынан шыққан суға не жетсін! – дейді ауыл тұрғындары.
Қазіргі күні Отырар ауданында 38 елді мекен бар. Оның 31 ауызсумен қамтылған.
Ауыздары таза ауызсуға жетпей отырған 7 елді мекеннің екеуіне биыл тәршілік нәрі тартылмақ. Олар Қостерек пен Арысақтам ауылдары.
Ерлан Айтаханов, Отырар ауданының әкімі:
– Екі елді мекеннен 1500 халқы бар ауыл ауызсумен қамтылады деп жоспарлап отыр. Бұл жоба өтпелі, биыл басталып, келесі жылы аяқталады. Қалған 5 елді мекенді айтатын болсақ, 3 елді мекеннің жобалық-сметалық құжаттары бүгінгі таңда дайындалып, оны облыстық, республикалық бюджетке ұсындық. Жалпы біздің жоспарымыз – 2020 жылға дейін аудандағы ауызсу мәселесін толық шешу.
Жалпы алдағы жылы Түркістан облысында 35 елді мекенді ауызсумен қамту жоспарланып отыр. Оған бюджеттен 9,6 млрд теңге бөлініп, 76 нысанның құрылысы іске асырылуда. Нәтижесінде тіршілік нәрінен тарыққан 20 мың адамның ауызы таза ауызсуға жетеді. Ал 2020 жылға қарай қала тұрғындарының 97 пайызы, ауылдық елді мекендердің 83 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтылатын болады.