Мәулен Әшімбаев жаңа қызметі туралы мәлімдеме жасады

Мәулен Әшімбаев жаңа қызметі туралы мәлімдеме жасады
Фото: Мәулен Әшімбаевтың желідегі парақшасынан

Сенат төрағасы қызметінен кеткен Мәулен Әшімбаев жаңа халықаралық міндет атқаратынын мәлімдеді. Ол 2027 жылғы Шейх Заид атындағы "Адамзат бауырластығы үшін" халықаралық сыйлығының қазылар алқасының құрамына енген, деп хабарлайды dalanews.kz.

Әшімбаевтың айтуынша, оны қазылар алқасына қосылуға әл-Азһардың Бас имамы Ахмед ат-Тайеб шақырған.

"Бүгінде халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі – бейбітшілік пен келісімді сақтау, сондай-ақ түрлі мәдениет, дін және халықтар арасындағы диалогты дамыту", – деп жазды ол.

Ол Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап осы бағытта белсенді жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті.

Әшімбаев сондай-ақ Адамзат бауырластығы идеясының 2019 жылы Абу-Дабиде Рим Папасы Франциск пен әл-Азһардың Бас имамы Ахмед ат-Тайебтің бастамасымен көтерілгенін еске салды. Кейін бұл бастама халықаралық деңгейдегі қозғалысқа айналған.

Шейх Заид атындағы «Адамзат бауырластығы үшін» сыйлығы бейбітшілік, диалог және өзара түсіністікті нығайтуға үлес қосқан тұлғалар мен ұйымдарға беріледі.

2027 жылғы қазылар алқасының құрамында Мәулен Әшімбаевпен бірге Португалияның бұрынғы президенті Марселу Ребелу де Соуза және Ирактың экс-президенті Бархам Салех те бар.