2025 жылы "Отбасы банктің" таза пайдасы 126,4 млрд теңгеге жетіп, қаржы ұйымының жылдық жоспарын 5 пайызға асыра орындады. Сонымен қатар банк активтері мен несие портфелін ұлғайтып, тұрғын үй несиесі нарығындағы үлесін 58%-ға дейін жеткізді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жыл қорытындысы бойынша банктің жалпы кірісі 449,8 млрд теңгені құрады. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 80,6 млрд теңгеге көп. Ал активтер көлемі бір жылда 21,5%-ға өсіп, 5,2 трлн теңгеге жеткен. Несие портфелі де ұлғайып, 4,05 трлн теңгені құрады.
Банк берген несиелердің сапасы да жоғары деңгейде сақталған. 90 күннен астам уақытқа төлемі кешіктірілген проблемалық қарыздардың үлесі небәрі 0,12% болды. Меншікті капиталдың рентабельділігі (ROE) 17,1%-ға, ал активтердің рентабельділігі (ROA) 2,7%-ға жетті.
2025 жылы "Отбасы банк" ұлттық даму институты мәртебесіне ие болып, баспанаға мұқтаж азаматтарды орталықтандырылған есепке алу жұмысын да қолға алды.
Бір жыл ішінде қазақстандықтар тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінде 1 миллионнан астам жаңа депозит ашқан.
Сонымен қатар банк 2025 жылы жалпы сомасы 1,64 трлн теңгенің тұрғын үй несиесін берген. Нәтижесінде 77 мың отбасы баспаналы болды.