2025 жылдың 2 шілдесінен бастап "Отбасы банк" АҚ-ның тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі шеңберінде рәсімделген алдын ала және аралық тұрғын үй заемдарын мерзімінен бұрын толық өтеу тәртібіне енгізілген түзетулер өз күшіне мінді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Енді жоғарыда көрсетілген қарыздар толық мерзімінен бұрын өтелген жағдайда:
- қарызға байланған депозиттегі жинақтар автоматты түрде негізгі борыш қалдығын өтеу есебіне жіберілетін болады;
- міндетті түрде тұрғын үй құрылысы жинақтары туралы шарт бұзылады;
- жаңа заем ресімдеу үшін жаңа депозит ашу не бұрын берілген қарызға байланбаған өзге қолданыстағы депозитті пайдалану қажет болады.
"Жаңашылдық ұзақ мерзімді жинақтарды көтермелеуге және тұрғын үй несиелерін беру үшін тұрақты қаржы қорын қалыптастыруға негізделген", делінген банк хабарламасында.
Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі өзара қолдау қағидаты бойынша жұмыс істейді: кейбір салымшылардың жарналары есебінен басқалары қолжетімді заем рәсімдеуге мүмкіндік алады – жылдық 3,5%-дан (ЖТСМ 3,6%-дан 4,4%-ға дейін) жылдық 8,5%-ға дейін (ЖТСМ 9%-дан 9,6%-ға дейін). Яғни, кейбір салымшылар жинақ жасап жатқанда, басқалары соның арқасында ең төменгі мөлшерлемелер бойынша қарыз ала алады. Жаңа салымдардың тұрақты ағыны қаражатты бөлудің тұрақтылығын, әділдігін қамтамасыз етеді және азаматтардың кең ауқымы үшін тұрғын үй қарыздарының қолжетімділігін кеңейтеді.
Айта кетсек, ҚР Үкіметі Отбасы банкін 2027 жылға дейін ішінара IPO-ға шығаруды жоспарлап отыр. Отбасы банкі отандық екінші деңгейдегі банктер арасында активтер мен меншікті капиталы бойынша төртінші орында тұр.